Қарағанды облысының тұрғындары апатты үйде тұратын қарияға пәтер сыйлады

0
1 335

Жалғыз баласымен жұпыны үйде жан бағып отырғанын көрген ауыл жұрты осындай сауапты істі қолға алды.


Қарағанды облысының тұрғындары апатты үйде тұратын қарияға пәтер сыйлады

ERNUR.KZ. Қарағанды облысындағы Ақжал кентінің тұрғындары жергілікті ақсақалдың біріне асарлатып пәтер алып берді, деп жазады «Хабар 24».

Себебі Аманқұл Болтиковтың баспанасы апатты жағдайда тұр. Мүгедек жанның оны жөндеп алуға мүмкіндігі жоқ. Жалғыз баласымен жұпыны үйде жан бағып отырғанын көрген ауыл жұрты осындай сауапты істі қолға алған.

Енді екінші топтағы мүгедек қария ұлымен 3 бөлмелі пәтерде тұрады. Тұрғындар баспанамен бірге тоңазытқыш, теледидар, электр пеші секілді тұрмыстық техникаларды да сыйлады. Ол үшін 1 миллион 600 мың теңге жұмсаған. Қажетті қаржыны кәсіпкерлерден бастап, қарапайым жұмыскерлерге дейін бірі қалмай жинапты. Қоныс той иесін құттықтай келген көршілері де қолындағы барын әкеліп, қолғабыс жасауда. Себебі 70 жасқа толған қарияның ауылға сіңірген еңбегі зор. Ол осындағы кәсіпорындардың бірінде бірнеше жыл ауыр жүк көлігін жүргізген.

Аманқұл Болтиков, Ақжал кентінің тұрғыны:

– Шынын айту керек, ескі үй салқын болған. Бала-шағаны аман есен қыстан алып шықтық. Халқыма рақмет.

Жәмилә Жүзбаева, Ақжал кентінің тұрғыны:

– Ақсақалдың осындай жағдайын көріп, жергілікті әкімге шықтық. Ол кісі аудан әкімдігіне шықты. Бұл бастама – жастарға үлгі.