Қарағандылық оқушылар Әбділдә Тәжібаевтың 110 жылдығын атап өтті

0
3 346

Биыл «Сыр сүлейі, жыр дүлейі» — Ә.Тәжібаевтың туғанына 110 жыл.


Қарағандылық оқушылар Әбділдә Тәжібаевтың 110 жылдығын атап өтті
  1. Қарағанды қаласындағы Мағжан Жұмабаев атындағы №39 гимназияда Ә.Тәжібаевтың туғанына 110 жыл толуына орай әдеби-сазды кеш өтті, деп хабарлайды өңірдегі ERNUR.KZ тілшісі.

Қарағанды қаласындағы №39 М.Жұмабаев атындағы гимназияда Ә.Тәжібаевтың туғанына 110 жыл толуына орай «Сыр сүлейі, жыр дүлейі» атты әдеби-сазды кеш өтті. Мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жәкішова Жанаргүл Кенжеғалиқызы өзі жетекшілік ететін 9-"Ә" сыныбымен бірлесе ұйымдастырған іс-шараға арнайы қонақ болып келген ф.ғ.д. Берік Серікбайұлы Рахимов, ф.ғ.к. Төлеубаева Кәмшат Аманбайқызы, мектеп ұстаздары мен қызметкерлері және оқушылар қатысып, ақынның өмірі мен өнер жолы жайлы мол ақпарат алды.


Атап айтсақ, әдеби-сазды кеш барысында гимназия оқушылары ақынның отты жырларын оқып, презентация қорғады.

Сонымен қатар, кештің құрметті қонақтары болған Берік Рахимов пен Кәмшат Аманбайқызы оқушыларға Ә.Тәжібаевтың қазақ әдебиеті мен қара өлеңдегі орны жайлы айтып, тарихи тың деректермен таныстырды.

Айта кетейік, бұл кештің мақсаты – Әбділдә Тәжібаев шығармашылығын оқушылар арасында насихаттау, өскелең ұрпақты отаншылдық сезімге баулу, патриоттық рухқа дағдыландыру және эстетикалық тәрбие беру.


Әбділда Тәжібаев (1909-1998 жж) – ақын, драматург, әдебиет зерттеуші ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының халық жазушысы.

Туған жері – Қызылорда, Сырдария облысы, Ақмешіт (қазіргі Қызылорда қаласы).

Ақынның «Жаңа ырғақ», «Аралдар», «Кешеден бүгінге», «Жартас», «Жаңа өрімдер», «Құрдастар», «Толағай» жырлары мен 5 томдық жыр жинақтары жарық көрген және «Майра», «Жартас», «Жалғыз ағаш орман емес», «Көңілдестер», «Той боларда», «Дубай Шубаевич» т.б. пьесалары қойылған. Сонымен қатар, «Өмір және поэзия», «Қазақ драматургиясының дамуы мен қалыптасуы», «Жылдар, ойлар» атты зерттеу еңбектерін жазған.

Қоғам істеріне белсене араласқан Әбділдә Тәжібаев «Октябрь Революциясы», 2 мәрте Еңбек Қызыл Ту, Ленин, «Құрмет Белгісі» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған.