Қарағандылық «полицейлер» Көкшетаудың 15 тұрғынын алдап кетті

0
910

Полицейлердің сөзінше, күдіктілердің 15 қылмысқа қатысы бары анықталып отыр.


Қарағандылық «полицейлер» Көкшетаудың 15 тұрғынын алдап кетті

ERNUR.KZ. Ақмола облысында өздерін полиция қызметкерлері ретінде таныстырып, 15 адамды алдаған Қарағанды тұрғындары ұсталды, деп жазады almaty.tv.

Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, күдіктілердің Көкшетау қаласында телефон арқылы жасалған бірнеше қылмысқа қатысы бары анықталды.

«Тергеу амалдары кезінде 2019 жылғы 9 маусымда Қарағанды облысының екі тұрғыны Көкшетауға келіп, пәтер жалдағаны мәлім болды. Кездейсоқ телефон нөмірлеріне қоңырау шалып, өздерін полиция қызметкері ретінде таныстырған. Кейін олардың жағымсыз жайтқа ұрынғандарын хабарлап, оны шешу үшін шұғыл ақша талап еткен. Оларға сенген облыс орталығының тұрғындары ақшаны курьер - Қарағанды қаласының бұрын сотты болған 36 жастағы тұрғыны арқылы жіберіп отырған», - деді ведомстводан.

Полицейлердің сөзінше, күдіктілердің 15 қылмысқа қатысы бары анықталып отыр. Алаяқтардың талап еткен ақша сомасы 5 - 10 000 доллар аралығында болған.

«Алаяқтардың телефон арқылы жасалған соңғы қылмысын полицейлер ізін суытпай ашты. 25 маусымда 71 жастағы Көкшетау қаласының тұрғынына бейтаныс адамдар қоңырау шалып, оның ұлы есірткімен ұсталғанын және оның көмекке мұқтаж екенін айтқан. Қарт әжей алаяқтарға сұраған ақшасын еш ойланбастан беріп қойған. Ұлына қоңырау шалуды кейін ойланып, оның есірткі қылмысына қатысы жоқтығын, жұмыста екенін білген. Жәбірленушінің арызы бойынша полиция қызметкерлері күдіктінің ізіне түсіп, бір сағаттың ішінде қолға түсірді», - деп толықтырды ведомствоның баспасөз қызметінен.

Күдіктілер уақытша ұстау абақтысына қамалды. Сондай-ақ үстерінен ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігі (алаяқтық) бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.