Карантин: Алтай Көлгінов елорда тұрғындарына үндеу жасады

0
602

Қала аумағы бойынша блокпостар орнатылмауы және қаланың жабылмауы үшін әр тұрғын жағдайдың қаншалықты қиын екенін түсінуі керек, -деді шаһар басшысы.


Карантин: Алтай Көлгінов елорда тұрғындарына үндеу жасады

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов COVID-19 жұқтыру жағдайларының көбеюіне байланысты астаналықтарға үндеу жасады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


«COVID-19 індетін жұқтыру жағдайларының көбеюіне байланысты қала «сары» аймаққа өтті. Бұл қазіргі кезеңде карантинді жеңілдету қажет емес екенін білдіреді. 11 қарашада 47 жағдай тіркелді. Шағын және орта бизнес нысандары кезек-кезекпен жабылмауы, қала аумағы бойынша блокпостар орнатылмауы және қаланың жабылмауы үшін әр тұрғын жағдайдың қаншалықты қиын екенін түсінуі керек. Жедел штаб отырысында негізгі мәселелер қаралды», - деп жазды әкім Instagram әлеуметтік парақшасында.


Әкімнің айтуынша, ең алдымен полиция қызметкерлері мен санитарлық дәрігерлер рейдтерді күшейтуге және карантинді бұзу фактілерін анықтауға көшті. Бұл санитария ережелерін сақтамай, бүкіл қаланың өміріне қауіп төндіретін немқұрайлы кәсіпкерлер үшін сигнал болуы шарт.


«Түнде ойын-сауық мекемелерінде жүрген, ереже бұзған азаматтар әсіресе егде жастағы тұрғындардың денсаулығына қаншалықты кері әсерін тигізіп жатқандарын әлі түсінбей келеді. Екіншіден, медицина мекемелері қосымша жабдықтармен, қорғаныс құралдарымен, дәрі-дәрмектермен және т.б. жабдықталған. Материалдық-техникалық база дайын, бірақ бір мезетте жағдай ушығып кетсе, дәрігерлер барлық науқасқа жетпейді», - деп ескертті А. Көлгінов.


Үшіншіден, ПТР зерттеуімен көбірек қамту үшін көпбейінді қалалық ауруханалардың қабылдау бөлмелерінде және стационарлардың акушерлік блоктарында изотермиялық шағын-зертханалар ашылды. Бұл шұғыл түрде түскен пациенттер арасында коронавирус инфекциясын тасымалдаушыларын анықтауға және уақтылы ем көрсетуге мүмкіндік береді.

Төртінші, КВИ-ға биоматериал алатын зертханалар саны 15-ке дейін артты. Зертханалардың жалпы қуаты тәулігіне 10 мыңнан астам зерттеуге жетеді.

Бесіншіден, барлық қалалықтарға қызмет көрсететін автобус парктері, шаһарды санитарлық тазалаумен және абаттандырумен айналысатын коммуналдық кәсіпорындар және қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін маңызды нысандар (ЖЭО, Астана су арнасы, Астана-АЭК және т.б.) ерекше бақылауға алынды. Қызметкерлер жиі тексеріліп отырады.


«Тестілеу арқылы қамтуды кеңейте отырып, біз COVID-19 таралуының нақты көрінісін бағамдаймыз және ошақтарды тез арада оқшаулай аламыз. Шетелден індет жұқтырып, елге оралғандар саны артып келеді. Мүмкіндігінше сапарлар санын қысқартуға, жаппай іс-шараларды өткізбеуге және қатыспауға, санитария нормаларын қатаң сақтауға кеңес береміз», - дейді Алтай Көлгінов.