Карнегиде ән салады

0
899

Аделина дистанциялық өнер жарысында бірнеше классикалық композиция орындап, 50 мемлекеттен қатысқан замандастарының алдыңғы легінен табылған.


Карнегиде ән салады

ERNUR.KZ. Алматылық Аделина Мұхамеджанова небір өнер дүлдүлдерін төріне шығарған Карнеги холлдың өзінде өнер көрсететін болады. Дарынды оқушы беделді байқаулардың бірі «American Protégé» халықаралық байқауында Бірінші дәрежелі лауреат атанып, Нью-Йорктегі жеңімпаздар концертіне жолдама алды, деп жазады egemen.kz.

Енді биыл 21 желтоқсанда әлемнің әр шалғайында Бірінші дәрежелі дипломға ие болған дарындар әлем­дегі ең әйгілі өнер алаңының бірі – Карнеги холлда (Carnegie Hall) тоғысады.

«American Protege» – әлемнің әр шалғайындағы музыканттарға арналған халықаралық байқаулар сериясы. Жас таланттар қашықтықтан, бейне-жазбалары арқылы өнер жарыстырады. Жеңімпаз атанғандар жыл соңында Карнеги холл сахнасында жүздеседі.

«Мен байқау ұйымдастырушыларынан ресми хат алған кезімде таңғалып, толқыдым. Егер шынымды айтсам, әлі күнге дейін аңызға айналған, әлемнің ең атақты, ең үздік әншілері өнер көрсететін сахнада ән салатыныма сене алар емеспін. Таяу күндері тыңғылықты дайындықты бастаймыз. Мен бар күшімді саламын», - дейді Аделина.

«American Protege» байқауы бар болғаны 11 жастағы вокалист үшін алғашқы жеңіс емес. Аделина бұған дейін де Италияда өткен «Sanremo Junior 2018» фестивалінде жеңіске жеткен болатын.

Сондай-ақ өткен жылы Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен Елена Образцованың байқауында Николай Цискаридзенің арнаулы жүлдесін жеңіп алған. Оған қоса биыл да наурыз айында жас әнші 2020 жылы Италияда өтетін Open International Auditions акаде­мия­лық вокалдық байқауына арнайы шақырту алып отыр.