Қазақ даласына жер аударылған ұлттар тарихы туралы кітап жарыққа шықты

0
2 487

«Депортациялар тарихынан. Қазақстан. 1939-1945 жж.» атты деректер жинағы мен «Лев Премиров: исповедь художника Карлага» кітаптарының тұсаукесері өтті.


Қазақ даласына жер аударылған ұлттар тарихы туралы кітап жарыққа шықты

ERNUR.KZ. Елордада «Депортациялар тарихынан. Қазақстан. 1939-1945 жж.» атты деректер жинағының тұсаукесері өтті, деп жазады ҚазАқпарат.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған «Тарихтан тағылым - өткенге тағзым» халықаралық Х форумы аясында елордада бірнеше іс-шара өткізіп жатыр. Осыған байланысты бүгін елордадағы Ұлттық музейде «Кемел болашақ үшін өткенді тарихи-мәдени тұрғыда ұғыну» тақырыбында ғылыми конференция ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, музейде өткен ғасырдың қырқыншы жылдарында қазақ даласына жер аударылған ұлттардың өмірін суреттейтін көрме де ашылған. Шара барысында «Депортациялар тарихынан. Қазақстан. 1939-1945 жж.» атты деректер жинағы мен «Лев Премиров: исповедь художника Карлага» кітабының тұсаукесері өтті.


«Депортация тарихы, Қазақстан аумағындағы сталиндік лагерьлер тақырыбы - өкінішке қарай тек жақында ғана зерттеле бастады. Былай қарасаң, сөз бен ой еркіндігіне қол жеткізгелі 20 жылдан астам уақыт өтіп кетті. Академик Манаш Қозыбаевтың жетекшілігімен Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының қабырғасында басталған алғашқы зерттеу жұмыстары әлі есімде. 1997 жылдан бастап депортация тарихының әрбір зерттелу кезеңін білемін», - деді ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Саттар Мәжитов.

Саттар Мәжитовтың айтуына қарағанда, Қазақстан даласына қанша адам депортацияланғаны туралы сұрақ тоқсаныншы жылдардан бері зерттеліп келеді. «Міне, 22 жыл өтсе де, осы санға келгенде ортақ консенсус таба алмай отырмыз. Яғни, Қазақстанға жер аударылған адамдардың қанша болғанын нақты білмейміз. Бұл дегеніңіз - бұл кезеңнің әлі ұзақ уақыт бойы зерттелетінін көрсетеді. Екіншіден, біз репрессия мен депортация десек, 1945 жылға дейінгі тарихпен шектеліп қалатын секілдіміз. Ал сталиндік репрессияның әйгілі ХХ съезден кейін басталғаны белгілі. Елуінші жылдардың ортасында да бұған қатысты тарих бар. Құжаттар сағат сайын табылып жатыр. 30 жылдан бері Кенесары Қасымұлының тарихын зерттеп келемін. Архивтерді қайта ақтарған сайын тың деректерді тауып алам. Тарихтың өзі сондай. Бір күнде бәрін айтып, зерттеп үлгере алмайсың», - деді профессор.




Айта кетсек, ҚХА аталмыш форум аясында ертең Ақмола облысының Ақмол ауылындағы «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешеніне, сондай-ақ, елордадағы 1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарының монументіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді.