Қазақ тілінен емтихан тапсыратын 5-8 және 10-сынып оқушыларының бағасы аттестатқа енбейді

0
687

Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, меңгеру сапасын күшейту, қолдану аясын кеңейту мақсатында 2023-2024 оқу жылынан бастап 5-8, 10 сыныптарда қазақ тілі бойынша емтихан енгізу қарастырылуда.


Қазақ тілінен емтихан тапсыратын 5-8 және 10-сынып оқушыларының бағасы аттестатқа енбейді

ERNUR.KZ. Таяуда келесі оқу жылынан бастап 5-8 және 10-сыныптарды аяқтаған оқушылар қазақ тілінен емтихан тапсыратыны мәлім болды, деп жазады ҚазАқпарат.

«Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, меңгеру сапасын күшейту, қолдану аясын кеңейту мақсатында 2023-2024 оқу жылынан бастап 5-8, 10 сыныптарда қазақ тілі бойынша емтихан енгізу қарастырылуда. Бұл норма бекітілсе, онда ол 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап қолданысқа енетін болады. Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде барлық орта білім беру ұйымдарында 1-11 сыныптарда міндетті пән ретінде оқытылады. 9, 11 сыныптарда білім алушыларды қорытынды аттестаттау формасы мен міндетті пәндер өзгермейді. Қазақ тілінен емтихан оқу бағдарламасын меңгеру нәтижесі бойынша стандартқа сәйкес жазбаша және ауызша нысанда өткізіледі», - деп мәлім етті министрліктің баспасөз қызметінен тілші сауалына орай.

Ведомство дерегінше, орта және жалпы орта білім аттестаты бұрынғы тәртіппен қорытынды аттестаттаудан өткен 9 және 11 сынып оқушыларына беріледі. Бұл орайда, 9 сынып - 4, 11 сынып оқушылары 5 емтихан тапсырады.

«9, 11 сыныптардың білім алушылары дәстүрлі түрде жыл сайын міндетті емтихандардың бірі болып табылатын «Қазақ тілінен» қорытынды аттестаттау тапсырады. Оның бағасы аттестатқа жазылады. Ал қолданысқа енетін 5-8, 10 сынып оқушыларының «Қазақ тілі» пәнінен емтихан тапсыруы - аралық аттестаттау болып табылады. Оның бағасы аттестатқа жазылмайды», - деп түсіндірді ведомстводан.