Қазақстан ағылшын тілі деңгейі «ең төмен» елдер тобына енді

0
604

Еліміз Камерун мен Камбоджаның ортасына жайғасты.


Қазақстан ағылшын тілі деңгейі «ең төмен» елдер тобына енді

ERNUR.KZ. EF English Proficiency Index атты жыл сайынғы рейтингтің 2021 жылғы нәтижесі бойынша Қазақстан 96-орынға жайғасып, ағылшын тілі деңгейі «ең төмен» мемлекеттер қатарына кірген. Еліміз Камерун мен Камбоджаның ортасына жайғасты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Көршілес елдермен салыстырған Қазақстанның көрсеткіші 101-орын алған Қырғызстан мен 103-орында орналасқан Тәжікстаннан ғана жоғары болып шықты. Сонымен қатар, Моңғолия (83-орын) және Әзірбайжан (86-орын) cияқты бізге территориясы жақын елдер ағылшын тілі деңгейі «төмен» елдер тобына кірсе, Өзбекстан Қазақстаннан 8 саты жоғары орналасып, 88-орын иеленді.

Жалпы саны 112 мемлекет енген рейтингтің құрастырушылары оларды 5 топқа жіктеген: ағылшын тілі деңгей «ең жоғары», «жоғары», «орташа», «төмен» және «өте төмен».

Ағылшын тілін жетік білетін елдердің қатарына көбіне Еуропа елдері енген. Алғашқы үштікті Нидерланды, Аустрия және Дания құрайды. Сонымен қатар, «ең жоғарылар» тізімінде Сингапур, Норвегия, Бельгия, Португалия, Хорватия, Швеция, Германия, Оңтүстік Африка және т.б. елдер бар. Ағылшын тілін «жоғары» деңгейде білетін елдер қатарына Шығыс Еуропа және пост-кеңестік мемлекеттер кірген, олардың қатарында Сербия, Румыния, Польша, Венгрия, Словакия, Эстония, Болгария, Литва, Латвия, Чехия, Франция және еуропалық емес бірқатар мемлекет бар.

Рейтингтің ең төменгі жағында Ливия, Руанда, Конго, Оңтүстік Судан және Йемен сияқты елдер жайғасқан.

Мемлекеттер рейтингісінен бөлек, EF English Proficiency Index авторлары оқырманға қалалар арасындағы индексті де ұсынған. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары 470 және 466 баллмен ағылшын тілі деңгейі «орташа» топқа кірген. Бұл топта Баку, Ұлан-Батыр, Доха, Анкара, Гуанчжоу, Ухань, Ыстанбұл, Кито сияқты бірқатар қала бар. «Ең төменгі» топқа Ташкент, Бішкек, Кабул, Душанбе, Киншаса, Бағдад, Янгон және т.б. қалалар кірген.

Сараптамада айтылғандай, Орталық Азия елдері индекске небәрі 2018 жылы кірген, алайда қазіргі таңда бұл көрсеткіші жыл сайын 8 пункте көтеріліп жатқан әлемдегі ең қарқынды дамушы аймаққа айналған.

EF English Proficiency Index рейтингі нәтижелері 2 миллион адам арасында тестілеудің нәтижесінде құрастырылады. Гендер бойынша тестке қатысқандардың 53%-ы әйелдер, 47%-ы ер адамдар. Тест тапсырғандардың орташа жасы – 26. Тестке қатысқан 112 елдің ішінде – Африка (21), Латын Америкасы (20), Азия (24), Таяу Шығыс (10) және Еуропа (35) елдері бар.

Авторлардың айтуынша, соңғы он жылдың ішінде ағылшын тілін білу деңгейі мен елдердің экономикалық көрсеткіштері (табыс деңгейі, жалпы ішкі өнім) арасындағы байланыстың бар екені ғылыми түрде дәлелденген.