Қазақстан азаматтығын алу мерзімі қысқартылды

0
1 077

Құжат тізімі 2 есе қысқарды. Барлық кезеңнен өту мерзімі 90 күнді құрайды.


Қазақстан азаматтығын алу мерзімі қысқартылды

ERNUR.KZ. Бұл туралы ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz.

«Биыл 1 қаңтардан бастап заң бойынша қандастарға Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алуға және Қазақстан азаматтығына қабылдауға бір мезгілде құжат тапсыру мүмкіндігі берілді. Бұрын бұл процедуралар бөлек болатын, тұрақты тұру рәсімі 2 айға созылатын. Бір ай ықтиярхат дайындалатын, содан кейін ғана Қазақстан азаматтығына қабылдауға құжат тапсыруға болатын еді. Оны қарау мерзімі 3 айды құрайтын. Қазір барлық үш кезең бір уақытта өтеді. Жыл басынан бері 3 мыңға жуық қанас Қазақстан Республикасының азаматтығын осындай тәртіппен алды», – деді ресми өкіл.

Оның сөзінше, осы мысал бойынша қандас куәлігін беруден бастап, азаматтық алуға дейінгі іс-шараларға тартылған барлық мемлекеттік орган қызметінің бірыңғай алгоритмі енгізіліп жатыр.

«Нәтижесінде азаматтар әр мемлекеттік органға жеке-жеке емес, тек бір рет –Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінеді. Құжат тізімі 2 есе қысқарды. Барлық кезеңнен өту мерзімі 90 күнді құрайды. Материалдарды барлық мемлекеттік органдар қазіргідей кезек бойынша емес, бір мезгілде қарайды», – деді Нұрділдә Ораз.