Қазақстан басқа сағат белдеуіне ауысуы мүмкін

0
646

​Қазақстандықтар уақыт есебінің "қытайлық" тәсілі және қысқы уақытта қалып қою бізге жарамайтынын айтуда.


Қазақстан басқа сағат белдеуіне ауысуы мүмкін

ERNUR.KZ. Таң орнына түнде оянуға мәжбүр қазақстандықтар әбден ығыр болды, деп жазады inbusiness.kz.

Тілге тиек етсек, географиялық тұрғыдан ҚХР 5 сағат белдеуінде орналасқан. Алайда ресми түрді бүкіл шың елін жалғыз Бейжің уақыты (UTC+8) "жатқызып өргізеді". Өйткені коммунистік билік Қытай өңірлерінің түрлі уақыт режимін ұстануы бірлік пен тұтастықты бұзады, тиісінше барлығы орталықтың уақытына бағынсын деп шешкен.

Қазақстан да уақыт санаудың түрлі жүйелері арасында ұзақ сенделді. Жазғы уақытты ұстанды, кейін сағат тілін бір сағат алға, бір сағат кері жылжытумен болды. 1990-шы жылдары Орталық Азия елдері – Өзбекстан, Түрікменстан және Тәжікстан экономикалық себептерге байланысты жазғы маусымда сағат тілдерін жылжытуды доғарды.

Қазақстан ХХІ ғасыр басында солардың қатарына қосылды: Үкіметтің 2005 жылғы 15 наурыздағы №231 қаулысымен республика толығымен жазғы уақыттан бас тартты.

"Мәдениет, ақпарат және спорт министрлiгi халықты Қазақстан аумағында "жазғы" және "қысқы" уақытқа көшу рәсiмiн жою туралы хабардар етсін", – делінген сол тарихи қаулыда.

Енді бізде тұрақты түрде – қысқы уақыт орнаған: "Қазақстан аумағында уақыт есептеу Қазақстанның уақыт пен жиілік мемлекеттік алғашқы эталоны ұдайы жүргізетін, сақтайтын әрі беретін сағаттық белдеулердің халықаралық жүйесі бойынша жыл бойы тұрақты қолданылып келген уақыт белдеуі 1 сағатқа озық жүргізіледі деп белгіленсін" делінген қолданыстағы тағы бір қаулыда.

Бұл ретте Қазақстанның барлық облыстары тек Алматы және Нұр-Сұлтан уақытымен жатып-тұруға мәжбүр. Салыстыру үшін айтсақ, көрші Ресей аймағында 11 сағат аймағы белгіленген және оны одан да көбейту пысықталуда. Елімізде қоғам белсенділерінің бастамашыл тобы біраздан бері Үкіметке Қазақстандағы уақыт режимін өзгерту мәселесін көтеріп келеді. Осыған байланысты арнайы жұмыс тобы да құрылған болатын. Былтыр Сауда және интеграция министрлігі жанында әрекет еткен топ "Қазақстан аумағында уақыт есептеу мәселелерi бойынша жұмыс тобы" деп аталды. Оның аясында әсіресе, қостанайлықтар белсенді.

"Біз, мыңдаған қостанайлықтар осы топ жұмысын үлкен шабытпен, әрі үмітпен бақыладық. Оның атқарған жұмысының есебімен таныстық, ұзаққа созылған осы мәселеге ақыры нүкте қойылуын зарыға күттік. Жұмыс тобы қорытынды кезең ретінде Президент Тоқаевқа ұсыныспен шығуы керек еді. Енді мәселе соңының сиырқұйымшақтанып кетуі, әлдебір үзілістің туындауы көңілімізді алаң етіп отыр. Неге созбалаңға салынуда? Жұмысты жандандырып, басталған істі аяғына дейін жеткізу керек", – дейді қостанайлықтар атынан қоғам белсендісі Азамат Кәрімов.

Қостанай өңірінің жұртшылығы өзінің сағат белдеуіне оралғысы келеді және билік 2021-2022 оқу жылы басталғанға дейін уақыт режимін өзгертеді деп күтіпті. Ол үміті ақталмады. Мәселе қысқа ұзады, ал осы түйткіл әсіресе, қысқы уақытта көп қиындық келтіретіні мәлім.

"Хроноцидтің" қандай зияны бар?

Бұл жайт елді тура мағынасында шаршатып бітті: биология ғылымдарының докторы, хронобиолог-сарапшы Михаил Борисенковтың мәліметінше, табиғаттың перзенті саналатын адамдарға үнемі күн шықпай тұрып ояну зиянды. Бүкіл биосфера күннің ырғағымен өмір сүреді, көктегі алып шырақ көкірегінде жаны бардың бәрінің ағзасындағы биохимиялық процестерді жандандырады, биологиялық сағат соған бағынады. Сарапшылардың байламынша, кейде адамның осы жай-күйін суреттеу үшін "хроноцид" термині қолданылады (chronocide: гректің chronos уақыт және латынның caedere өлтіремін деген сөздерінен құралған). Осы ұғым уақыттың, эволюцияның табиғи ағысына қиянат жасау; уақыт арасындағы байланысты бұзу секілді мағынада да айтылады.

Сағат тілінің табиғи уақыт ағысына қайшы келуі ересектерге де қиын: жүргізушілер жолда қалғып кетуі ықтимал. Бірақ ол әсіресе, жас ұрпаққа ауыр. Елордалық және алматылық оқушыларға қарағанда, өзге өңірлердегі балаларды таңазанда оқуға тұрғызу күрделірек.

"Балаларымыз таңертең мектепке ұйқылы-ояу кетеді. Таңғы ас ішуден бас тартады, себебі организмі "оянбаған". Мұғалімдер де алғашқы сабақтарда шәкірттердің көп нәрсені ұқпайтынына шағымданады. Мысалы, күн мен түн теңелген әз-Наурызда, 21 наурыздың өзінде Қостанайда таң сағат тілімен 8-де атады. Күн шыққаннан кейін кез келген уақытта оянуға болады, ми іске қосылады. Ал балалар одан екі сағаттай ерте, түн ішінде тұруға мәжбүр. Сондықтан ата-аналардың дабылын түсінуге болады. Балаларды сағатқа байланысты мерзімінен бұрын ояту бірте-бірте жас ұрпақты неврозға, психикалық ауруларға жеткізуі мүмкін", – делінген қостанайлықтардың Үкіметке хатында.

Олар бірнеше жылдан бері жыр болған мәселені шешу "ойдан шығарылған себеп-сылтаумен кейінге шегеріле беретініне" қапаланады. Оның үстіне бұл істе соқпақ-сүрлеу де салынды. Сол кезде Ақордада беделді өкілдерінің болуы арқасында Қызылорда облысы 2018 жылы өзінің сағат белдеуіне орала алды.

"Бізбен бірге бастаған Қызылорда өңірі осы жолды аяғына дейін жүріп өте алды. Қызылорда облысында өлім-жітімнің азаюы, жүрек-қан тамырлары ауруларының, онкологияның кемуі – көп жайттан хабар береді. Тоқаевтың "еститін мемлекеті" біздің өтініш-тілегімізге де құлақ асады деп үміттенеміз. Қостанайлықтар төл сағат белдеуіне, табиғи уақытына оралғысы келеді", – дейді өңір жұртшылығы.

Билік не дейді?

Сауда және интеграция министрлігінің түсіндіруінше, уақыт есептеуді өзгерту мәселесі жалғыз қостанайлықтардың ғана емес, елдің бүкіл тұрғындарының мүддесін қозғайды. Елдің өзге өңірлерінен де тиісті ұсыныстар түсіпті. Сол себепті бұл мәселе "ғылыми зерттеулер жүргізу арқылы жан-жақты зерделеуді талап етеді".

"Ғылыми зерттеулердің нәтижесі Қазақстандағы сағат белдеуін ауыстырудың орынды не орынсыздығын айқындап, ғылыми негізделген қорытынды жасауға іргелі негіз болады. Сағаттық белдеулердің халықаралық жүйесіне сәйкес, Қазақстан географиялық тұрғыдан 4-ші және 5-ші сағат белдеулерінде орналасқан. Уақыт есептеу Дүниежүзілік үйлестірілген уақыттан (UTC) тиісінше, 4 (UTC+4) және 5 (UTC+5) сағат алға озып жүруге тиіс. Бұған қоса, ел аумағында белдеу уақытын 1 сағатқа оздыру тәсілі қолданылады", – деп хабарлады министрлік.

Мұндай қайшылық 2005 жылы сағат тілін жазғы уақытқа көшіруден бас тарту нәтижесінде туындағаны айтылып жүр. "Қазақстан аумағында уақыт есептеу Сағаттық белдеулердің халықаралық жүйесі бойынша жыл бойы тұрақты қолданылып келген уақыт белдеуі 1 сағатқа озық жүргізіледі деп белгіленсін" делінген еді сол кездегі Үкімет қаулысында. Министрлік сілтеме жасап отырған ғылыми зерттеулер бұрыннан жүргізіліп келеді.

Нәтижесі не болды?

"Бейінді институттар мен ұйымдардың қорытындысы бар, оларда уақыт белдеуін 1 сағат алға оздыруды жою және өңірлерді географиялық табиғи уақытқа қайтару қажеттілігі айтылған. Уақыт есептеу мәселелерi бойынша жұмыс тобы осы бағытта жұмыс істеді. Жұмыс тобы кеңес өткізіп, оның қорытындысында "декреттік уақытты", яғни 1 сағат ілгері оздыруды жою мәселесін пысықтау туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ Қазақстанның бүкіл территориясындағы уақыт есептеу тәртібі туралы тиісті ұсынысты Президент Әкімшілігінің қарауына енгізуге ұйғарылды", – деп мәлім етті Сауда және интеграция министрлігі.

Бұдан бөлек, осы мәселе бойынша мемлекеттік органдардың ұстаным-позицияларын үйлестіру және талдау жүргізу мақсатында жергілікті атқарушы органдар мен орталық меморгандарға хаттар бағытталыпты. Президент Әкімшілігінің жаңа басшысы Мұрат Нұртілеу бұл мәселенің шешілуіне тың серпін береді деген үміт бар.

Ғалым не дейді?

Хронобиолог-сарапшы Михаил Борисенковтың байламынша, ЕуроОдақ ғылыми тұрғыдан "стандартты уақыт" деп дұрыс атайтын "тұрақты қысқы уақыт" адам денсаулығына көп зиян келтірмейді, қайта биологиялық ырғақ-ритміне сәйкес келеді.

"Жай ғана жазғы уақытқа көше салумен іс бітпейді, онда міндетті түрде әлеуметтік уақытты есептеудің жаңа жүйесіне қарсы адамдардың тобы пайда болады. Адамдар "бозторғай", "жапалақ" болып бөлінеді ғой. Ендеше, менің ойымша, әлеуметтік уақыт есептеу жүйесін жаңғыртудың екінші кезеңі – елде сағат белдеулерінің аумағын кішірейтіп, ал сағат белдеулерінің санын көбейткен жөн. Мұндай жағдайда әлеуметтік, күн және биологиялық сағаттар біршама үйлесімге келеді", – дейді ғалым.

Сарапшылардың байламынша, кезінде уақыт есептеу жүйесін өзгерткенде, Үкімет хронобиологиямен айналысатын мамандардың кеңесін алмаған, шешімін солардың сараптамасынан өткізбеген.