Қазақстан демократиясы төмен елдер қатарына кірді

0
372

Сайлаудан қалмай, өз таңдауын жасайтын қазақстандықтар елімізде саяси еркіндіктің барын айтады.


Қазақстан демократиясы төмен елдер қатарына кірді

ERNUR.KZ. Сауалнамаға қатысқан респонденттердің 34 пайызы саясаттағы бостандықты "қанағаттанарлық" деп бағалаған, деп жазады Inbusiness.kz.

Десек те, дауыс берушілердің белсенділігі бойынша Қазақстан көш соңында келеді. Осыдан болса керек, International IDEA халықаралық демократия институты бізді цензурасы қатаң елдердің қатарына кіргізіпті. Тіпті, кей позициялардада Орталық Азиядағы мемлекеттерге жол беріп отырмыз. Бұдан сөз бостандығы мен ой еркіндігінің механизмі Қазақстанда әлсіз деуге бола ма? Шын мәнінде, солай болса, онда демократияны қалай күшейтеміз?

Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады. Ата заңымыздың бірінші бабында тайға таңба басқандай осылай жазылған. Алайда қағаздағы демократия қазақстандықтарға әлі толық жете алмай жатыр.

International IDEA халықаралық институты еліміздегі Демократияны орташадан төмен деп бағалады. 4 критерий бойынша жүргізілген зерттеудің үшеуінде Қазақстанның жағдайы мәз емес. Оның бірі әрі негізгісі сайлау жүйесі.

"Бізде сөз жүзінде демократия бар. Бірақ іс жүзінде жоқ. Сайлау комиссияларын түбегейлі реформа жасап оның құрамына жергілікті әкімдерге формальды емес түрде тәуелді адамдар болмауы тиіс. Яғни, әкімшілік отырып оларға өзінің пәрменін бере алмайтындай азаматтық қоғам өкілдері, шағын орта бизнестің өкілдері, интеллигенция өкілдері, жастар, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері кіретін саяси сайлау комиссиялары болса, онда халық сондай сайлауларға келеді, сондай сайлауларға сенеді", - дейді саясаткер Әміржан Қосанов.

Басқа елдер жылдап дайындалатын сайлауды еліміз 3-4 айда ұйымдастыруды үйреніп алған. Содан болар Қазақстан дауыс берушілердің белсенділігі бойынша 187 елдің ішінде 113-ші орында. Тіпті көрші мемлекеттердің арасында да көш соңында. Алайда байқаушылар, өстіп-өстіп үйреніп кетеміз дейді.

"Елдің демократиялық деңгейін көрсететін тағы бір фактор сот тәуелсіздігі. Алайда экс депутат Зәуреш Батталова біздің судьялар жоғарғы сот тұр десе тұрады, жат десе жатады, дейді. Ол өзгермейінше, демократия туралы айтуға ерте деген пікірде", - деді "Дауыс" қоғамдық байқаушылар коалициясының төрағасы Төлеген Күнәділов.

Қазақстанда парламентшілікті дамыту қорының төрайымы Зәуреш Батталова соттың құзыры шамасы жететіндерге ғана жүреді дегенді айтты.

"Меніңше бүгінгі күнде сот ашық түрде өтуі керек. Сот төрелігіне қол жеткізу ол негізгі әділдіктің нақты көзін ашу. Ең бірінші бізде мемлекет тарапынан халықпен жұмыс істейтін әдістерін өзгерту керек. Жазбаша ауызша алған мәліметтерге, сұрақтарға жауап беру процедурасының бәрін жеңілдету керек", - дейді ол.

Халықтың да елдегі саяси бостандыққа көңілі толмайды. Gallup Халықаралық ұйымы жүргізген сауалнамаға сай отандастарымыздың 62% пайызы елімізде демократия жоқ деген пікірде. Ал 34 проценті Қазақстандағы саяси еркіндік қанағаттандырарлық депті.