Қазақстан Елшісі Иран президентіне сенім грамотасын тапсырды

0
1 057

Ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен оны жандандыру мәселелері талқыланды.


Қазақстан Елшісі Иран президентіне сенім грамотасын тапсырды

ERNUR.KZ. Иран Президентінің Сарайында Қазақстан Республикасының жаңадан тағайындалған Елшісі Асxат Оразбайдың Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Руханиге сенім грамоталарын тапсыру салтанатты рәсімі өтті, деп жазады baq.kz.

Сұxбат барысында Қазақстан мен Иран арасындағы екіжақты және көпжақты форматтағы өзара тиімді ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен оны жандандыру мәселелері талқыланды.

Елші А. Оразбай Иран Президентін Елбасымыздың бастамасымен Қазақстанның саяси әрі экономикалық өркендеуі, халқымыздың әл-ауқатын арттыру, сондай-ақ әлемде бейбітшілікті нығайту бағытында атқарылып жатқан маңызды шаралармен таныстырды. Оған қоса, екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени байланыстарды одан әрі дамыту бойынша пікірлерімен бөлісті.

Өз кезегінде, Х. Рухани Иран Қазақстанның тәуелсіздігін бірінші мойындаған мемлекеттер қатарында болғанын және осы уақыттан бері екіжақты ынтымақтастық достық сипатта дамып келе жатқанын мәлімдеді. Өзінің Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен орнатқан тығыз байланысы екіжақты және аймақтық мәселелер бойынша жақсы ықпалдастық жасауға мүмкіндік беріп отырғанын айтты.

ИИР Президенті еліміздің сыртқы саясаттағы бастамалары аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті сақтауға ерекше үлес қосып отырғанын, оның аясында Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі мәселені шешу және Сириядағы жанжалды реттеу бойынша Қазақстанда өткен келіссөздердің нәтижелі болғанын атап өтті.