Қазақстан Еуропалық ядролық зерттеулер жөніндегі ұйыммен келісім бекітті

0
907

Қазақстанда атом өндіру саласы өнеркәсіптің экономикалық қуатын қамтамасыз ететін басты және маңызды сала саналады.


Қазақстан Еуропалық ядролық зерттеулер жөніндегі ұйыммен келісім бекітті

ERNUR.KZ. Бүгін Сенат Қазақстан Үкіметі мен Еуропалық ядролық зерттеулер жөніндегі ұйым арасындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады, деп жазады baq.kz.

Парламенттің жоғарғы палатасының жалпы отырысында сенатор, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Бақытжан Жұмағұлов қосымша баяндама жасады.

«Бүгін біз Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ядролық зерттеулер жөніндегі еуропалық ұйым (CERN) арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастыққа қатысты халықаралық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау мәселесін қарастырып отырмыз. Бұл келісімге 2018 жылғы 29 маусымда Женевада қол қойылған болатын. Қазақстанда атом өндіру саласы өнеркәсіптің экономикалық қуатын қамтамасыз ететін басты және маңызды сала саналады. Сондай-ақ, Қазақстан - уран өндіру бойынша әлемдегі көш бастаушы мемлекет. Ол технологиялық, ғылыми, инновациялық даму тұрғысынан алғанда да дамудың қайнар көзі саналады. Биік деңгейді қамтамасыз ету және қолдау үшін жетекші әлемдік орталықтармен ынтымақтасу мен маңызды халықаралық жобаларға қатысу қажет. Бұл Қазақстан дамуының одан әрі өсуін және әлемдік деңгейін жүйелі түрде арттыруға жол ашады», - деді Бақытжан Жұмағұлов.

Депутаттар Энергетика министрі Қанат Бозымбаев пен Бақытжан Жұмағұловтың баяндамасынан кейін сұрақтарын қойып, талқылап, заң жобасын қолдады. Осылайша, бүгін Сенат «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Еуропалық ядролық зерттеулер жөніндегі ұйым (CERN) арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастыққа қатысты халықаралық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдады.