"Қазақстан халқына" қоры қаңтарда қаза болғандардың әрбірінің отбасына 7 миллион теңге береді

0
527

​"Қазақстан Халқына" қоғамдық қоры қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқандар мен жараланған азаматтардың отбасына материалдық көмек көрсетеді.


Бұл туралы қордың ресми сайтында жарияланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

"Қазақстан Халқына" қоғамдық қоры қаңтар оқиғасы кезінде қаза болған әр отбасыға 7 миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсетпек. Ол қатарда әскери қызметші де, ішкі істер органдары, Ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлері мен қарапайым тұлғалар бар. Ал ауыр жарақат алған азаматтардың отбасына 3 миллион теңгеден беріледі деп жоспарланған.

"Қаңтар айындағы оқиғалар кезінде қаза тапқандардың, сонымен қатар жарақат алғандардың отбасыларына көңіл айтамыз. Бұл жақынынан айырылған, жараланған әрбір адам үшін үлкен қасірет. Еліміз қайғылы оқиғадан кейін тиісті қорытынды шығарып, халқымыздың бірлігі нығая түседі және осы жағдай енді қайталанбайды деп сенеміз. Ешбір ақшалай төлем ет бауыр жақынның орнын толтыра алмайтынын түсінеміз", — делінген қор мәлімдемесінде.

"Қазақстан Халқына" қорына қорғаныс және ішкі істер министрлігінен, Ұлттық қауіпсіздік комитетінен, Республикалық ұланнан 21 адамның қаза тапқаны және 43 адам ауыр жараланғаны туралы ақпарат берілген. Ал, бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саиннен 3 қаза тапқан және 4 жараланған бала, бір көпбалалы ананың қайтыс болғаны туралы ақпарат жолданыпты. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімовадан қаңтар айындағы оқиғалардың кездейсоқ құрбаны болған 29 ел азаматы туралы ақпарат ұсынылды.

"Қазақстан Халқына" қоры ресми дереккөздерден тізімдерді алуына байланысты қаңтар оқиғаларының кездейсоқ құрбаны болған отбасыларға қолдау көрсетуді жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда Адам құқықтары жөніндегі уәкілден ақпарат алынды. Тергеу әрекеттерінің аяқталуына қарай ҚР құқық қорғау органдары тізімдерді Қорға ұсынады деп ойлаймыз", — делінген қор ақпаратында.