Қазақстан халықаралық банктен 345 млн еуро қарыз алатын болды

0
474

Аталған қаржы бюджет тапшылығын қаржыландыруға жұмсалмақ.


Қазақстан халықаралық банктен 345 млн еуро қарыз алатын болды

ERNUR.KZ. ҚР Парламент Сенатының отырысында Қазақстан мен Халықаралық Қайта құру және даму банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді ратификациялаутуралы заң жобасы қаралды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Белгілі болғандай, 2022 жылдың 2 шілдесіндегі ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес 345,7 млн еуро сомасындағы Қарыз туралы келісімге 24 тамызда қол қойылған. Бұл заң мемлекеттің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған шаралар кешенін қолдауға арналған.

«Қарыз толығымен бюджет тапшылығын қаржыландыруға бағытталатын болады. Қаражат республикалық бюджетте көзделген әлеуметтік және басқа да мақсаттарға арналған бюджет шығыстарын жабуға мүмкіндік береді», - деп түсіндірді ҚР Премьер-министрінің орынбасары — Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев

Оның айтуынша, 345 700 000 (үш жүз қырық бес миллион жеті жүз мың) еуро сомасындағы қарыз Қазақстанға 1,5 жылға беріледі. Оның ішінде 2,5 жылға жеңілдік көзделген.

Сыйақы ставкасы Еурибор және өзгермелі спредтен тұрады. Біржолғы комиссия да игерілмеген қарыз қалдығына есептелген резервтік комиссия 0,25% құрайды. Қарызға қызмет көрсету және оны өтеу келісімде белгiленген қаржылық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

«Тартылған кредитке қызмет көрсетуді және оны өтеуді Қаржы министрлігі Қарыз туралы келісімде белгіленген қаржылық шарттарға сәйкес алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджетте көзделген қаражат есебінен жүзеге асырады», - деді Е. Жамаубаев.