Қазақстан мен Македония өзара сотталған азаматтарымен алмасады

0
545

Қазір екі ел арасында беруге жататын азаматтар жоқ.


Қазақстан мен Македония өзара сотталған азаматтарымен алмасады

ERNUR.KZ. Сенат Қазақстан мен Солтүстік Македония арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялады, azattyq-ruhy.kz.

Бұдан былай қылмыстық жауапкершілікке тартылған қазақстандықтар Солтүстік Македонияда жасырына алмайды. Ратификация аясында екі ел іздеуде жүрген адамдарды бір-біріне ұстап беру және сотталған адамдармен алмасу қарастырылған.

Бұл құжаттарда беру, қайтару, көмек көрсету немесе бас тарту жағдайлары егжей-тегжейлі жазылған. Сенаторлар құқықтық көмек туралы мұндай келісімдер шетелде жүрген Қазақстан азаматтарының құқықтарын қорғау үшін маңызды екенін атап өтті.

«Бүгін қабылданған заңдар Қазақстан мен Солтүстік Македония арасындағы құқық қорғау саласындағы ынтымықтастықты дамытуға бағытталған. Олар қылмыскерлерді жауапкершілікке тартудың әртүрлі кезеңдерін қамтиды және қылмыспен күресті күшейту үшін мемлекетаралық қатынастардың құқықтық негіздерін қалыптастырады. Соған сәйкес, қылмыстарды тергеу процесінде жан-жақты көмек көрсету, қылмыскерлерді ұстау және оларды экстрадициялау, сотталған адамдарды беру сияқты өзара іс-әрекеттер қарастырылған. Бұл заңның үстемдігін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, азаматтарымыздың құқықтарын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Қазір екі ел арасында беруге жататын азаматтар жоқ. Қазақстан бүгінге дейін 30-ға жуық мемлекетпен осындай шарт жасасты. Бүгінде шет елдерде жазасын өтеп жатқан 922 қазақстандық бар.