Қазақстан мен Нидерланд премьер-министрлері маңызды құжаттарға қол қойды

0
993

Бизнес-форумы аясында 5 құжатқа қол қойылды.


Қазақстан мен Нидерланд премьер-министрлері маңызды құжаттарға қол қойды

ERNUR.KZ. ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Гаага қаласына ресми сапары аясында Қазақстан-Нидерланд бизнес-форумының ашылуына қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстан Республикасының және Нидерланд Корольдігінің премьер-министрлері бизнес-форумы аясында 5 құжатқа қол қойды:

«K-Agro» қазақстандық компаниясы мен нидерландтық «Farm Frites» компаниялары арасындағы Жамбыл облысында фри картобын өндіретін бірлескен кәсіпорын құру туралы келісім. Жобаның құны – 145 млн;

«Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ мен «NEVASCO» компаниялар тобы арасындағы Жерді қашықтықтан зондтау (ЖҚЗ) және геоақпараттық жүйелер (ГАЖ) саласындағы жобаларды іске асыру бойынша ынтымақтастық туралы келісім;

Қазақ ұлттық аграрлық университеті мен «Вахенинген» университеті арасындағы қазақстандық аграрий студенттерді оқыту бойынша ынтымақтастық туралы меморандум. «Вахенинген» университеті ‒ жаратылыстану ғылымдары, табиғи ресурстарды басқару, өсімдік шаруашылығы және мал шаруашылығы саласындағы әлемдегі жетекші орталықтардың бірі;

«ТКШ Қазорталығы» АҚ-мен «Witteven+Bos» арасындағы канализациялық тазарту құрылыстарын салу және реконструкциялау туралы бағдарламаны іске асыру жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

«Dal Agro Park» пен «Dutch Greenhouse Delta» арасындағы Түркістан облысында 200 гектар агропарк салу бойынша ынтымақтастық туралы меморандум.

Форумға 200-ге жуық нидерландтық және қазақстандық бизнес өкілдері қатысты.

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, AХҚО, Deloitte, Shell, Нидерландының Бизнес және жұмыс берушілер конфедерациясының және т.б. өкілдері екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды дамыту перспективалары туралы баяндады. Форумға қатысушылар өз мүмкіндіктерімен таныстырып қана қоймай, сонымен бірге B2B (business-to-business) форматында әлеуетті серіктестермен жұмыс кездесулері мен келіссөздер өткізді.

ҚР премьер-министрі Shell, Bitfury, SuezGroup, Farm Frites, Dutch Fruit Solutions нидерландтық компанияларының өкілдерімен кездесулер өткізді, олармен Қазақстанда энергетика, деректерді өңдеу және блокчейн-технологиялар, білім беру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және т.б. салалардағы жобаларды жүзеге асырудың перспективалары талқыланды.

Үкімет басшысы World Horti Centre халықаралық жылыжай бағбаншылығына арналған білім және инновациялар орталығына барып, хайперлуп (Hyperloop) жаңа көлік жүйесін әзірлеумен айналысатын «Hardt Hyperloop» компаниясының қызметімен танысты, бұл көлік жүйесі жеңілдетілген болат құбырлар бойымен капсула түріндегі шағын қайықтарда сағатына 1 мың шақырымға дейін жылдамдықпен жүруге мүмкіндік береді.