Қазақстан мен Жапония бірлесіп түсірген «Барымташылар» фильмі Францияда прокатқа шығады

0
738

Фильмнің сценарийі Қазақстанда болған шынайы оқиғаға негізделген.


Қазақстан мен Жапония бірлесіп түсірген «Барымташылар» фильмі Францияда прокатқа шығады

Қазақстан мен Жапония бірлесіп түсірген «Барымташылар. Уақыт жолдары» фильмі Францияда 16 желтоқсанда прокатқа шығады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

«Қазақфильм» киностудиясының мәліметінше, кинокартина Бусан, Токио, Гётеборг, Шанхай және Хельсинки кинофестивальдеріне қатысып үлгерді және жақын арада Cottobus неміс кинофестивалі мен Торонтодағы Азия киносының ХКФ конкурсында көрсетілетін болады.

Басты рөлдерде Канн кинофестивалінің үздік әйел бейнесі үшін жүлденсінің иегері Самал Еслямова, танымал жапон актері Мирай Морияма, қазақстандық театр және кино актері Дулыға Ақмолда және жас актер Мәди Менайдаров ойнады.

Фильмнің өндірісіне «Қазақфильм» және жапондық Tokyo New Cinema компаниясы атсалысты.

Естеріңізге сала кетсек, «Барымташылар. Уақыт жолдары» фильмінің өндірісін Қазақстан тарапынан ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ іске асырса, жапон тарапынан – «Tokyo New Cinema» компаниясы жүзеге асырып отыр. «Барымташылар. Уақыт жолы» фильмі жылқы бағумен айналысатын қарапайым отбасы туралы баяндайды. Бір күні жылқы үшін адам өлтіруден тайынбайтын барымташылар отағасын өлтіреді. 12 жасар Олжас барымташылардың қолынан мерт болған әкесінің өліміне қайғырып, зұлымдықпен күресіп, отбасыларына түскен ауыртпалықты қарындастарымен бірге кешеді. Қорғансыз қалған Олжастың отбасына ғайыптан пайда болған бөгде біреу қол ұшын созады.


«Фильмнің сценарийі Қазақстанда болған шынайы оқиғаға негізделген. Жақындарынан айырылудың қандай қиын екендігін осы оқиға арқылы кинематографиялық тілмен жеткізгім келді», - деді режиссер Ерлан Нұрмұхамбетов.