Қазақстан Президенті жалпықалалық сенбілікке қатысты

0
782

Көгалдандыруға арналған сенбілік барысында Ботаникалық бақта 300 көшет отырғызылды.


Қазақстан Президенті жалпықалалық сенбілікке қатысты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы Ботаникалық бақта өткен экологиялық сенбілікке қатысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ Twitter-дегі парақшасына сілтеме жасап.

«Елорданың Ботаникалық бағында өткен сенбілікке қатыстым. Елімізді көгалдандыру – табиғатты қорғауға қажетті және қайырымды іс. Осы пайдалы шараға атсалысқан барша қатысушыларға алғыс білдіремін. Елордамыз жайлы және жасыл қалаға айналуы керек», - деп жазды Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Ақорда баспасөз қызметі мәлімдегендей Мемекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бірге Жасыл Қазақстан» шарасының аясында Ботаникалық бақта ағаш отырғызып, сенбілікке қатысушылармен сұхбаттасты.

Шараға Премьер-Министр Асқар Мамин, Үкімет мүшелері, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, спортшылар мен оқушылар қатысты.

Көгалдандыруға арналған сенбілік барысында Ботаникалық бақта 300 көшет отырғызылды. Жалпы бүгін Елорда көшелері мен саябақтарында 5 мың ағаш егіліп, қала ажарын арттыра түспек. Сонымен қатар биыл күзде «Экологиялық сағат» шарасының шеңберінде еліміз бойынша қосымша 1 миллионға жуық көшет егіледі.