"Қазақстан" шахтасындағы өрт: кеншілерде 5 сағатқа жететін ауа болған

0
408

Төтенше жағдай кезінде жер астында қалған үш кенші әлі табылған жоқ.


ERNUR.KZ. "АрселорМиттал Теміртау" АҚ атқарушы директорының орынбасары Сергей Огай "Қазақстан" шахтасындағы апаттың мән-жайын айтты, деп жазады sputnik.kz.

Оның айтуынша, кеншілерге берілетін өзін-өзі құтқарғыш маскаларында бес сағатқа жететін ауа болған.
"Түтін басқан ауада шахтерлерде ауа қоры болды. Өзін-өзі құтқарғыштың техникалық сипаттамасы бойынша жүрген кезде ауа бір сағатқа, ал қозғалыссыз отырған кезде бес сағатқа жетуі керек еді", - деді Огай шахтадағы өртке арналған брифингте.
Оның айтуынша, өрт шыққанда шахтада 227 адам болған. Тау-кен орнының ұзындығы 100 шақырымды құрайды. Шахтада кен өндіретін екі учаске, сондай-ақ басқа да технологиялық-өндірістік нысандар бар.
Апат туралы сигнал жер астында жүрген барлық қызметкерге бір мезетте жеткен. Кеншілер кезекшімен байланысқа шығып, шахтадан шығуға нұсқау алған.
"Алдын ала мәлімет бойынша Слюнков (қаза тапқан слесарь) шахтадан жалғыз емес, біреулермен шығып бара жатқан. Алайда белгісіз себептерге байланысты артта қалып қойып, артынша онымен байланыс үзілген. Оның неге жер астында қалып қойғаны анықталады", - деді Огай.
Осы орайда журналистер Слюнковтің өзін-өзі құтқару маскасы істемегені туралы ақпараттың рас-өтірігін сұрады.
"Қазір біз мұны айта алмаймыз. Өйткені "самоспасатель" тәркіленді, анығын комиссия айтады", - деді директордың орынбасары.
Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Вадим Басиннің айтуынша, жер астында қалып қойған бес кенші өз беттерінше шығуға тырысқан.
"Олар шығар жолды табуға тырысқан, бірақ кейін өз орындарында қалды. Олар қалған жерде температура өте жоғары және қою түтін болғандықтан, құтқарушылар кіре алмады", - деді Басин.
Ол әзірге шахтадағы өрттің себебін анықтау мүмкін емес екенін атап өтті.