"Қазақстан" шахтасының 700-ге жуық кеншісі басқа кәсіпорындарға ауыстырылды

0
403

Төтенше жағдайдан зардап шеккен 13 кенші әлі ауруханада жатыр.


ERNUR.KZ. Қарағанды облысында өрт болған "Қазақстан" шахтасының қызметкерлері басқа кәсіпорындарға ауыстырылды. Бұл туралы облыстық әкімдіктің аппарат кеңесінде "АрселорМиттал Теміртау" АҚ атқарушы директорының орынбасары Сергей Огай мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.

Аппарат кеңесі бір минут үнсіздіктен басталды. Мемлекеттік қызметшілер "АрселорМиттал Теміртау" АҚ Көмір департаментінің "Қазақстан" шахтасында өрт кезінде қаза тапқан кеншілерді еске алды.
"АрселорМиттал Теміртау" АҚ Тау-кен сегменті атқарушы директорының орынбасары Сергей Огайдың айтуынша, шахтада өртті оқшаулауға кіріскен.
"Бүгінгі таңда шахтаның 672 қызметкері Көмір департаментінің басқа кәсіпорындарына ауыстырылды. Қызметкерлерден шахтаның тіршілігін қамтамасыз ету және әскерилендірілген құтқарушылардың жұмысына көмек көрсететін адамдар ғана қалды", – деді Огай.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өрт басталған уақытта 222 шахтерді жедел эвакуациялаған құтқарушылардың еңбегін атап өтті.
"Өкінішке қарай, бес кенші қаза тапты. Компания қаза тапқандардың отбасылары алдында міндеттеме алды. Барлық қажетті төлем жасалады. Апатты тергеу жөніндегі комиссия құрылды, оның құрамына барлық жауапты мемлекеттік орган кірді, – деді облыс басшысы.
Әкімдіктің ақпаратынша, қазір ауруханада зардап шеккен 13 кенші жатыр, барлығы қажетті ем алуда. Дәрігерлердің айтуынша, 8 кеншінің жағдайы орташа ауыр, қалғандары қанағаттанарлық жағдайға жақын.