Қазақстан Тәжікстанға 3 млн-нан астам оқ-дәріні тегін бермек

0
159

Тәжікстан тарапы Қазақстан тарапынан алған әскери мүлікті немесе оны пайдалану құқығын үшінші тарапқа бермейді.


Қазақстан Тәжікстанға 3 млн-нан астам оқ-дәріні тегін бермек

Тәжікстанға ақысыз әскери-техникалық көмек көрсетуге қатысты екі ел арасындағы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Заң жобасының мәтіні "Ашық НҚА" сайтында жарияланды және қоғамдық талқылау 2021 жылдың 17 маусымына дейін жалғасады. Құжат өз күшіне енуі үшін ол алдымен тиісті мемлекетішілік рәсімдерден өтуі керек.

Жарияланған мәтінге сәйкес, екі ел 2021 жылдың 17 сәуірінде Нұр-Сұлтанда келісімге қол қойған. Қазақстан Тәжікстанға әскери мүлік түрінде әскери-техникалық тегін көмек көрсетуге келісті.

Қазақстан Тәжікстанға жөнелтетін әскери мүлік тізіміне мыналар кірді:

  • Саны 3 миллион 240 дананы құрайтын 5,45 миллиметрлі патрон;
  • Саны 20 мың 76 дананы құрайтын 23 миллиметрлі патрон;
  • Саны 10 мың дананы құрайтын 82 миллиметрлі оқ.

"Берілетін мүлік қолданылмай тұр және артық мөлшерде сақталуда, осыған байланысты оны қалпына келтіруге бюджет қаражаты талап етілмейді. Жоба мемлекеттік және жергілікті бюджеттерден қосымша қаржы шығындарын талап етпейді. Қаулыны қабылдау жағымсыз әлеуметтік-экономикалық және/немесе құқықтық салдарға әкеп соқпайды", - деп жазылған қазақстандық тараптың түсініктеме жазбасында.

Келісімді жүзеге асыру бойынша құзырлы орган – екі елдің қорғаныс министрлігі.

Егер екі мемлекет те келісімді ратификацияласа, Қазақстан оқ-дәріні Жамбыл облысындағы "Отар" станциясынан Душанбедегі "Рохати" тәжік станциясына дейін теміржол арқылы жеткізеді. Ол жақта екі елдің өкілдері жеткізілген мүлікті тиісті үлгіде қабылдау және тапсыруды орындауы керек.

"Рохати" станциясына дейін әскери мүлікті жеткізу шығынын қазақстандық тарап көтереді. Кедендік тазарту мен жүкті декларациялау Еуразиялық экономикалық одақ заңнамасына сәйкес орындалады.

Жеткізілетін жүк барлық кедендік баж, салық пен жиындардан босатылады. Сонымен қатар Тәжікстанға Қазақстаннан алған әскери мүлікті үшінші тарапқа беруге тыйым салынады.