Қазақстан телевизиясы Ресей мен Беларусь стандартына көшуі мүмкін

0
1 789

​Заңсыз спутниктік тәрелкелерге қарсы күрес ашу жоспарлануда.


Қазақстан телевизиясы Ресей мен Беларусь стандартына көшуі мүмкін

ERNUR.KZ. Парламент 2018 жылы «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» заң қабылдағаны мәлім. Оған сәйкес, телеарналар көрсететін өнімдерді таңбалаудың ұлттық жүйесі қабылданды. Енді ол жүйе Еуразиялық одақтың, нақтыласақ, Ресей мен Беларусьтің стандарттарына қайшы келеді деп танылып отыр, деп жазады inbusiness.kz.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бақылау мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасының тұжырымдамасын жариялады.

Онда «ақпараттық өнімдерді таңбалау мәселелеріне» жеке бөлім бөлінген. ЕАЭО-ның Мәскеуде орналасқан ұлтүстілік басты органы өзге одақтастардың осы салада Ресей стандартын қабылдамағанын сынға алыпты.

«Еуразиялық экономикалық комиссия қазіргі уақытта ақпараттық өнімді жас шамасына қарай таңбалау бойынша одақ елдерінің әртүрлі тәсілдерді қолдануын проблема санап, мәселе етіп көтеруде. Бұл мәселеге «Мир» телерадиокомпаниясы бастамашы болды. Атап айтқанда, Ресей Федерациясы мен Беларусьте жас белгілері бойынша градация 5 жас санатын қамтиды, бұлар – 0+, 6+, 12+, 16+, 18+. Ал Қазақстанда 6 жас санаты бар: 6-, 6+, 12+, 14+, 16+, 18+. Тиісінше, елдер ақпаратты белгілі бір жас санатына жатқызудың әртүрлі өлшемдерін қолданады», – дейді қазақстандық ақпарат ведомствосы.

«6 жасқа дейінгі балаларға арналған ақпараттық өнімді таңбалау бойынша проблема бар: Ресей және Беларусьте ол «0+», ал Қазақстанда – «6-» деп көрсетіледі. Бұдан бөлек, еліміздің «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» заңында жасты таңбалау белгісінің нысан-формасы анықталған: белгі ақпараттық өнімге түсіріледі немесе оны дистрибьютор ромбтың ішінде көрсетеді. Бұл ретте одақтас қос елде жасты таңбалаудың белгісі заңмен анықталмаған», – деді министрлік.

Онда тұрған не бар? Осындай әділетті сұрақ туындауы мүмкін. Оның үстіне «6-» және «14+»-тен басқасының бәрі ұқсас. Еуразиялық одақ аясында бизнес, жүк және капитал еркін қозғала алмай, өзара сауда құлдырап жатқанда, ЕЭК-тің басқа айналысатын ісі бастан асады емес пе?! Алайда «Мир» телеарнасы Мәскеуді мұның мемлекетаралық деңгейде ілгерілетуге тұрарлық проблема екеніне сендіргенге ұқсайды.

ТМД елдерінің құрылтайшылығымен құрылған және одақ елдері қаржыландыратын бұл телеарна барлық елдің жаңалығын көрсетуі керек. Жаңалықтар мен бағдарламалар Қазақстаннан жас санатына қарай Ресейдегіден өзгеше таңбамен таңбаланып келеді екен. Күн сайын солардың бәрін өзара сәйкестендіре бергеннен аты «халықаралық», заты ресейлік арна шаршаған сыңайлы.

«Бұл мәселе ЕАЭО-ның бүкіл аумағында жұмыс істейтін БАҚ-ты, соның ішінде мемлекетаралық «МИР» телерадиокомпаниясын ақпараттық өнімді қайта таңбалау бойынша қосымша шығындалуға соқтыруда. Осыған орай ақпараттық өнімдерді таңбалаудың бірыңғай тәсілін қалыптастыру үшін Қазақстанның балалардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы заңнамасына өзгерістер енгізіп, ұлттық заңнаманы Ресей және Беларусь заңнамасымен біріздендіру ұсынылады», – деді ақпарат министрлігі тұжырымдамада.

Заңсыз тәрелкелер бұзылуға тиіс Келесі жылы жаңа сайланатын Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынылғалы отырған жаңа заң жобасының маңызды тұсы бар. Ол елімізде ресейлік арналардың спутниктік тәрелкелер арқылы заңсыз таралуын шектемек.

Бүгінде Қазақстанда тіркелмеген шетелдік спутниктік операторлар (ТШСО) – «РадугаТВ», «Триколор ТВ», «НТВ+», «Орион Экспресс», «Ямал», «Hotbird», «Платформа HD», «Телекарта» және басқасы елімізге хабар таратуда. Қазақстан алаңдауға тиіс нағыз проблема осы. «Жүргізілген талдау көрсеткендей, Ресеймен шекаралас 4 өңірде бұлардың ену деңгейі жоғары болып қалуда. Бұл ретте «OTAU TV» хабар тарату деңгейі ТШСО-мен салыстырғанда өте төмен: БҚО-да – «OTAU TV» – 30%, ТШСО – 40%; Қостанайда – «OTAU TV» – 17%, ТШСО – 19%; Павлодарда – «OTAU TV» – 18%, ТШСО – 26%; СҚО-да – «OTAU TV» – 16%, ТШСО – 27%», – дейді министрлік. Тек 4 өңірде ғана отандық спутниктік телевизия басым: Ақмола облысында «OTAU TV» – 34%, ТШСО – 27%; Ақтөбе облысында «OTAU TV» – 40%, ТШСО – 30%; Атырау облысында «OTAU TV» – 72%, ТШСО – 16%; Шымкент қаласында «OTAU TV» – 71%, ТШСО – 17%.

Сарапшылардың айтуынша, осы ресейлік операторлар қазақстандық телеарналарды таратпайды. Бұған қоса, телерадио хабарларын тарату және жарнама саласындағы отандық заңнама талаптарын орындамайды. Оның үстіне шетелдік спутниктік қабылдау құрылғыларын пайдаланатын Қазақстан азаматтары отандық ақпарат кеңістігінен тыс өмір сүреді.

Оларға «бар жақсылық Ресейде» сияқты болып көрінеді. Қазақстанда жүріп жатқан жаңалықтарға олар қызығушылық танытпайды. Салдарынан «ақпараттық ажыраған анклав» туындайды. Сепаратизм де осыдан шығатыны жасырын емес.

Жаңа заңда шетелдік спутниктік қабылдау құрылғыларын тарату және заңсыз орнату үшін әкімшілік жаза белгіленеді деп күтілуде. Аталған операторлар елімізде тіркеуден өтіп, отандық телеарналарды топтамасына қосуы керек. Әйтпесе, олардың елімізге хабар таратуы бұғатталуға, ал заңсыз қойылған тәрелкелері демонтаждалуға тиіс.