Қазақстан ТМД елдері арасында тұрғын үй құрылысы бойынша бірінші орында

0
2 419

2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасында тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші жан басына шаққанда 0,81 шаршы метрге жетті.


Қазақстан ТМД елдері арасында тұрғын үй құрылысы бойынша бірінші орында

ERNUR.KZ. 2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан ТМД елдері арасында тұрғын үй құрылысы бойынша 1-орында, деп жазады baq.kz.

2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасында тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші жан басына шаққанда 0,81 шаршы метрге жетті.

Бұл Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш және ол экономикалық дамыған елдердің деңгейіне жақындады.

Мәселен өткен жылдың қорытындысы бойынша Ресейде - 0,56 шаршы метр, Беларуссияда - 0,45 шаршы метр, ал Өзбекстанда - бір адамға 0,36 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Бұл көрсеткіш 2019 жылдан бастап өлшеніп келеді және кезегінен екінші жыл Қазақстан ТМД елдері арасында көшбасшы болды.

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жаймбетов «Нұрлы жер» бағдарламасының басым бағыттарын атады.

«Нұрлы жер» Мемлекеттік тұрғын үй-коммуналдық даму бағдарламасының шеңберінде халыққа қолайлы тұрмыстық жағдайлар жасау, тұрғын үйдің қол жетімділігі мен жайлылығын арттыру, сондай-ақ тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту - мемлекеттік саясаттың басым бағыттары, - деді Жаймбетов.

Еске салсақ, 2020 жылы бағдарламаның барлық қаржыландыру көзінен бірыңғай тұрғын үй саясатын іске асыру жөніндегі тапсырмасы аясында рекордтық 15,3 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2019 жылғы көрсеткіштен 16,8% артық.