Қазақстанда 19 мың шетелдік жұмысшы еңбек етеді

0
770

Олардың ең көбі Қытай елінен келген.


Қазақстанда 19 мың шетелдік жұмысшы еңбек етеді

ERNUR.KZ. 2020 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсаты бойынша Қазақстан аумағында 19 145 шетелдік азамат жұмыс істейді, деп жазады ҚазАқпарат.

Олардың ішінде бірінші санатта (менеджерлер мен олардың орынбасарлары) 770 адам (4%), екінші (бөлім меңгерушілері) – 445 (23%), үшінші (мамандар) – 9 632 (50%) және төртінші (білікті) жұмысшылар) – 1818 (9%), маусымдық жұмыстарға 767 (4%), корпоративті ауыстыруға 1 744 адам (9%) тартылды.

Шетелдік жұмыс күшін тартқан жұмыс берушілер саны 2040 адамды құрайды, оларда 508 755 қазақстандық азамат жұмыс істейді, бұл жалпы жұмысшылар санының 96,3%-ын құрайды.

Шетелдіктердің басым бөлігі құрылыс саласында жұмыс істейді – 8623 адам (45%). Тау-кен өнеркәсібінде 2 213 (12%), ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында – 55 (0,3%), кәсіптік, ғылыми және техникалық қызметте 1 557 (8%), өңдеу өнеркәсібінде – 1 397 (7%) шетелдік жұмыс істейді.

Еңбекші мигранттарының негізгі шығу елдері: Қытай – 4 524 адам (24%), Өзбекстан – 781 (4%), Түркия – 1 964 (10%), Үндістан – 1 893 (10%), Ұлыбритания – 1 368 (7%) болып табылады.

Естеріңізге сала кетейік, ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Үкіметі жыл сайын республикаға шетелдік мамандарды тартуға квота белгілейді.

2019 жылға арналған квота жұмыс күшінің санына қатысты 0,54% немесе 48,7 мың бірлік мөлшерінде бекітілді. 2020 жылға – 29,3 мың бірлік немесе 0,32%.