Қазақстанда Францияның жетекші техникалық ЖОО филиалын ашу ұсынылды

0
1 264

Делегация Францияның «Centralesupélec – Université Paris-Saclay» жетекші жоғары оқу орынында болды.


Қазақстанда Францияның жетекші техникалық ЖОО филиалын ашу ұсынылды

ERNUR.KZ. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Францияның жетекші техникалық университеттерімен ынтымақтастықты нығайтуға келісті. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау үшін біз әлемнің жетекші жоғары оқу орындарымен және ҒЗИ-мен, оның ішінде Франциямен техникалық кадрларды даярлау және ғылыми тағылымдамаларды жүзеге асыру бойынша ынтымақтастықты нығайтуға ниеттіміз. Біз ірі техникалық жоғары оқу орындары мен зертхана өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізіп, жоғары білім мен ғылым саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту жөнінде келісімге келдік», - дейді ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов.

Француз тарапына Қазақстанда жетекші техникалық ЖОО филиалын ашу, бірлескен қос дипломды және білім беру бағдарламаларын құру, қазақстандық ғалымдарды Францияның алдыңғы қатарлы оқу орындары мен ғылыми орталықтарына тағылымдамаға жіберу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.

Кездесу барысында Политехникалық институттың президенті Эрик Лабаймен академиялық ұтқырлық және қос дипломды бағдарламалар шеңберінде ынтымақтастық орнату үшін қазақстандық серіктес ЖОО-ны айқындау келісілді. Француз серіктестері Қазақстан ғалымдары үшін тағылымдамаларды ұйымдастыру бойынша жұмысты бастауға дайын екендігін айтты.

Ал, «Soleil Synchroton» ғылыми зертханасындағы келіссөз барысында бірқатар бағыттар бойынша ынтымақтастық туралы, оның ішінде қазақстандық зерттеушілермен бірлесе жұмыс атқару туралы келісім жасалды.

Делегация Францияның «Centralesupélec – Université Paris-Saclay» жетекші жоғары оқу орынында болды. Білім беру директоры, профессор Оливер Жиккел әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен бірлескен ғылыми-техникалық орталық құру бойынша жұмысты жалғастыруға дайын екенін мәлімдеді.

Сонымен қатар, ол Қазақстан ғалымдарының Франциядағы тағылымдамаларын ұйымдастыруға қызығушылық білдірді.Білім және ғылыми зерттеулер министрлігінің өкілі, бас директор Клэр Жири қазақстандық тарап айтқан бастамаларды қолдап, бірлескен жобаларды қарастыруға дайын екенін жеткізді.Сондай-ақ ,кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен Францияның жоғары білім беру ұйымдары және ғылыми орталықтарының форумын өткізу туралы шешім қабылданды.