Қазақстанда кәсібін ашқысы келетін этникалық қазақтарға "Ата жолы" картасы беріледі

0
266

Үкімет "Ашық Қазақстан 500+" атты көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасын әзірледі.


Қазақстанда кәсібін ашқысы келетін этникалық қазақтарға

ERNUR.KZ. Шетелде тұратын этникалық қазақтарға Қазақстанда өз кәсібін ашу үшін америкалық Грин-картаға ұқсас "Ата жолы" картасы беріледі. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.

Үкімет әзірлеген "Ашық Қазақстан 500+" атты көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасында этникалық көші-қон мәселесі реттелген. Құжатқа сәйкес, Қазақстан шетелде тұратын этникалық қазақтардың әлеуетін пайдалануды жоспарлап отыр.
"Осы мақсатта "Ата жолы" картасын (америкалық Грин картаға ұқсас) енгізу ұсынылады. Бұл құжат жоғары деңгейдегі кәсіби маман немесе өздері тұратын елде табысты бизнес-кейстерді іске асырған және оларды Қазақстанда жүзеге асыруға ықыласты қазақтарға беріледі", - деді Дүйсенова үкімет отырысында.
Этникалық қазақтар 10 жылға жеңілдетілген виза рәсімдеп, Қазақстанда өз кәсібін дамытуға мүмкіндік алады.
Сонымен қатар министрлік оларды тарихи отанын дамытуға қосқан үлесі үшін жыл сайынғы "Парыз" байқауы аясында президент сыйлығымен марапаттауды ұсынып отыр.
Бұдан бөлек, министр елге оралатын қандастардың көші-қонын реттеу тетіктері жетілдірілетінін атап өтті.
"Яғни, еліміздегі демографиялық және экономикалық үрдістерді ескере отырып, құжат рәсімдеудің алғашқы кезеңінде қандастарды еңбек күші тапшы өңірлерге қоныстануға қосымша ынталандыру ұсынылады", - деді Дүйсенова.
Сондай-ақ тұжырымдама аясында инвестициялық виза берудің төменгі шегін 300 мың долларға дейін (шамамен 140 млн теңге) төмендету қарастырылған.
Қазақстанға кемінде осындай көлемде инвестиция салған шетел кәсіпкерлеріне "Инвесторлық виза" беріледі. Бұл визаның көмегімен ел аумағында тұруға, бизнесін тіркеуге, мүлікке иелік етуге, қызметкер жалдауға, қаржы төлемдерін жүргізуге және олардың кәсіпкерлік қызметінен туындайтын басқа да операцияларды еркін жүзеге асыруға болады.
Бұдан басқа, көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасында шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқығын қорғау мәселесі қарастырылған.
Дүйсенованың айтуынша, Қазақстан азаматтарының еңбек мигранты ретінде шетелге шығуы – жаһандық тренд.
"Сондықтан, біз оған шектеу қоя алмаймыз және шектемеуіміз керек. Біздің міндетіміз – олардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету. Осы мақсатта қазақстандық еңбек мигранттары барынша көп шоғырланған елдермен олардың құқықтарына кепілдік беретін мемлекетаралық келісімдер пакетін жасауды ұсынамыз", - деді министр.
Осы келісімдерге сәйкес, сыртқы істер министрлігінің шет елдердегі өкілдіктері Қазақстан азаматтарының құқығын қорғайды.