Қазақстанда мектеп асханалары өздерімен бірге тамақ әкелетін оқушыларға жағдай жасауға міндетті болады

0
758

Бұйрық 2022 жылғы 20 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізіледі.


 Қазақстанда мектеп асханалары өздерімен бірге тамақ әкелетін оқушыларға жағдай жасауға міндетті болады

ERNUR.KZ. Қазақстанда мектеп асханалары өздерімен бірге тамақ әкелетін оқушыларға жағдай жасауы керек, деп жазады stan.kz.

Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 7 желтоқсандағы бұйрығында мемлекеттік мектептерде, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында білім алушылардың дұрыс тамақтануын ұйымдастыру, сондай-ақ балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу қағидаларына өзгерістер енгізді.

Атап айтқанда, ережеге "білім беру ұйымдарында білім алушыларға өзімен бірге әкелінген тамақпен тамақтана алуы үшін қажетті жағдайлар жасалады" деген жаңа тармақ қосылды.

Сонымен қатар, мектепте тамақтануды ұйымдастыру мектеп асханасында санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келетін жабдықтар, жағдайлар болған кезде жүзеге асырылады делінген.

Білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру жөніндегі тауарлар конкурстық негізде сатып алынады. Мектеп асханаларында жергілікті атқарушы органдардың шешімі негізінде асхана меңгерушісі, аспаз, асхана қызметкері лауазымдары енгізіледі.

Сонымен қатар, әлеуетті өнім берушілерге отандық өндірістегі азық-түліктің кемінде 60%-ын сатып алу туралы талап жойылады.

Бұйрық 2022 жылғы 20 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізіледі.