Қазақстанда мектеп оқушылары қашықтықтан оқыту форматына ауыстырылды

0
320

Қатты суық пен қарлы боранның әсері балалардың сабағын тоқтатуға септігін тигізді.


Қазақстанда мектеп оқушылары қашықтықтан оқыту форматына ауыстырылды

ERNUR.KZ. 13 желтоқсан күні Астанада бірінші ауысымдағы мектеп оқушылары мен колледж студенттері онлайн оқитын болады. Бұл 0-12 сынып оқушылары мен 9-сыныптағы колледждердің 1-2 курс студенттеріне қатысты. Ал Алматыда 0-9 сынып оқушылары 13-14 желтоқсанда қашықтықтан оқыту форматына көшіріледі, деп жазады inbusiness.kz.

Сонымен қатар, Қостанай облысында 13 желтоқсан күні таңертең ауа температурасы -30...-33 градусқа дейін жетті. Үш қала мен 10 ауданда 0-11 сынып оқушыларының бірінші ауысымындағы күндізгі сабақтары тоқтатылды.

Қарағанды қалалық білім басқармасының хабарламасы бойынша, 13 желтоқсан күні ауа-райының қолайсыздығына байланысты бірінші және екінші ауысымдағы 0-11 сынып оқушылары үшін сабақтар қашықтықтан оқыту форматына көшірілді.

Көкшетау қалалық білім бөлімінің мәліметінше, ауа температурасының -35 градусқа дейін төмендеуіне байланысты 13 желтоқсанда 1-11 сыныптар арасындағы 1-ші ауысымдағы оқушылар қашықтықтан оқыту форматына ауысады.

Павлодар қаласы білім басқармасының хабарламасына сәйкес, ауа-райының күрт нашарлауына байланысты 13 желтоқсанда 0-11 (12) сынып оқушылары мен колледждердің 1-2 курс студенттері (9-сынып негізінде) бірінші ауысымда қашықтықтан оқыту форматына көшеді.

Сондай-ақ, 2023 жылғы 13 желтоқсанда Семей қаласында ауа-райының қолайсыздығынан (-27 градус) 1-9 сынып оқушылары үшін 1-ші ауысымдағы сабақтар қашықтықтан оқыту форматына ауыстырылды.

Ал Петропавлда ауа температурасының -33 градус аязға дейін төмендеуіне байланысты 0-дегі даярлық тобынан 11-сыныпқа дейінгі оқушыларға арналған оқу сабақтары қашықтықтан оқыту режиміне көшірілді.

Бұдан бөлек, Шымкент қаласында қатты аязға байланысты 0-11 сынып оқушылары 15 желтоқсанға дейін қашықтан оқитын болады.