​Қазақстанда мемориалдық кешендердің энциклопедиясы әзірленеді

0
474

Жоба ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады. Жоба операторы – Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы.


​Қазақстанда мемориалдық кешендердің энциклопедиясы әзірленеді

Жинақ «Birgemiz: Asyl mura» жалпыұлттық жобасын іске асыру аясында басылып шығарылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгін елордада «Даналық» ҚҚ мұрындық болуымен үш жылға арналған «Вirgemiz: Asyl mura» жобасын жүзеге асыру аясында «Ескерткіштер – елге мұра, ұрпаққа аманат» республикалық форумы өтті.
Шараға өңірлік тарихи-өлкетану мұражайларының басшылары, тарихи ескерткіштерді қорғау жөніндегі мамандар мен еріктілер қатысты. Кездесуге қатысушылар тарихи және мәдени ескерткіштерді сақтаудың өзекті проблемалары мен жалпыұлттық жобаның негізгі міндеттерін орындау мақсатында волонтерлік ұйымдармен өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.
«Даналық» ҚҚ өкілдері деректі фильмдер мен энциклопедиялар әзірлеу арқылы тарихи-мәдени мұра объектілерін танымал ету «Birgemiz: Asyl mura» жобасының басты міндеттерінің бірі екендігін алға тартты Бұл бағытта 2024 жылға дейін үш жыл ішінде грант алушы мемориалдық кешендер, тарихи ескерткіштер және мәдени ескерткіштер туралы ақпаратты қамтитын 3 энциклопедияны басып шығармақ. Жинақтар арқылы қазақстандықтар еліміздегі көрікті әрі қызықты ескерткіштер туралы көбірек ақпарат ала алады.
«Энциклопедияның алғашқы шығарылымы мемориалдық кешендерге арналады. Жинаққа еліміздегі мемориалдық кешендер туралы ақпарат пен фотосуреттер кіреді. Оларды жинауға бізге аймақтық музейлер қолдау көрсетеді деп жоспарлап отырмыз. Біз қазақстандықтардың әр кешеннің қайда орналасқанын білуі керек деп есептейміз. Сондай-ақ, біз еріктілерді тарихи ескерткіштерді сақтау жұмысына біріктіріп қана қоймай, ел тұрғындарын тарихтан сыр шертер ескерткіштер туралы ақпараттан хабардар етуді мақсат тұтамыз», - деп атап өтті «Даналық» ҚҚ менеджері Бекжан Серікқалиев.
Оның айтуынша, энциклопедия жыл соңына дейін басылып шығады. Басылымның жалпы таралымы 500 дананы құрайды. Жинақтар жергілікті атқарушы органдарға және өңірлік кітапханаларға тапсырылады деп күтілуде.
Сондай-ақ, «Birgemiz: Asyl mura» жобасы аясында жыл соңына дейін волонтерлік бастамаларға 30 шағын грант бөлу қарастырылған.
Айта кетейік жоба ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады. Жоба операторы – Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы.