Қазақстанда оқушыларға кезекші сыныптарда оқуға рұқсат етіледі

0
917

​Балалар тек бір кабинетте оқиды, үзіліс әртүрлі уақытта болады. Кіреберісте оқушылардың дене қызуы өлшенеді.


Қазақстанда оқушыларға кезекші сыныптарда оқуға рұқсат етіледі

ERNUR.KZ. Ата-аналардың өтінішімен бастауыш сынып оқушылары кезекші сыныптарда оқи алады. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп жазады sputniknews.kz.

"Бастауыш сынып оқушылары ата-аналарының өтініші бойынша тиісті мүмкіншілікке қарай қатаң санитарлық шараларды сақтай отырып, кезекші сыныптардың жұмыс істеуіне мүмкіндік беріледі", - деді Аймағамбетов үкімет отырысында.

Айтуынша, балалар тек бір кабинетте оқиды, үзіліс әртүрлі уақытта болады. Кіреберісте оқушылардың дене қызуы өлшенеді. Ауаны тазарту, кварцтау және ылғалды тазалау жұмыстары күшейтіледі.

"Әлеуметтік қашықтықты сақтау үшін оқытуды ауысымға және 10-15 бала санынан аспайтын топтарға бөлу, мектепте оқу күндерін алмастыра оқыту қарастырылып отыр. Десе де, бұл балалар үшін пәндердің бір бөлігі қашықтан оқытылады", - деді министр.

Оқушылар 1 қыркүйектен бастап қалай оқиды

Үкіметтің шешімімен шалғай ауылдарда орналасқан шағын жинақты мектептерді қоспағанда, 1 қыркүйектен 1-11 сынып оқушылары оқу жылының алғашқы тоқсанында қашықтан оқиды.

"Шалғай ауылдардағы шағын жинақты мектептерде штатты форматта оқыту мүмкіндігі ұсынылады. Бұл дегеніміз жалпы оқушылардың 4 пайызын ғана құрайды. Осы критерийлерге сәйкес келетін барлығы 127 мың бала контингентімен 1934 мектеп анықталды", - деді Аймағамбетов.

Министрдің айтуынша, бірінші тоқсан аяқталғаннан кейін эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталуына байланысты мектептер кезең-кезеңмен аралас оқытуға және штаттық форматқа ауысуы мүмкін.