Қазақстанда онлайн-кредит беруге рұқсаты жоқ ұйым анықталды

0
632

​"Crezu.kz" ЖШС микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға лицензия алған ұйымдар тізімінде жоқ.


Қазақстанда онлайн-кредит беруге рұқсаты жоқ ұйым анықталды

ERNUR.KZ. Әлеуметтік желілер мен ақпараттық кеңістікті мониторингтеу барысында қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі лицензияланбаған қызмет белгілері бар компанияны анықтады, деп жазады sputnik.kz.

" www.crezu.kz интернет-ресурсының ақпаратына сәйкес "Crezu.kz" ЖШС кез келген мақсатқа, тәулігіне 24 сағат, аптасына 7 күн қарыздарды іріктеу қызметін жүзеге асырады. Борышты өтеудің ең аз мерзімі – 3 ай, ең көбі – 12 ай. Ең жоғары жылдық пайыздық мөлшерлеме – 36%. Пайыздық мөлшерлемелер кредитордан кредиторға өзгеріп отырады, ұсынылған пайыздық мөлшерлеме мән-жайлар мен кредит тарихына байланысты", - деп хабарлады қаржы нарығын реттеу агенттігі.
Мәселен, 2022 жылғы наурызда "Crezu.kz" ЖШС интернет-ресурсында 60 айлық мерзімге 1 млн теңге мөлшерінде қарыз алуға арналған өтінім мақұлданған. Одан әрі, компания менеджерінің талап етуі бойынша, клиент Кazeuromobile LLP компаниясының пайдасына қарызды ресімдеу жөніндегі қосымша қызметтер үшін 80 300 теңге аударған. Бұл қаражатты алғаннан кейін "Crezu.kz" ЖШС клиентке WhatsApp-пен мобильдік телефон нөміріне қарыз шартын жіберген. Алайда клиент қарызды сол күйі алмаған.
"Crezu.kz" ЖШС агенттіктің есептік тіркеуінен өтпегенін және агенттіктің микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға лицензия алған ұйымдар тізімінде жоқ", - делінген хабарламада.
Агенттік мәліметіне қарағанда, аталған ұйымға қатысты азаматтардың шағымдары келіп түсті.
"Агенттік тиісті ақпаратты құқық қорғау органдарына жіберді. Сайтқа қатысты www.crezu.kz интернет-ресурсы жабылды. Агенттік Қазақстан азаматтарын "Crezu.kz" ЖШС-мен осы компанияның шоттарына қаражат аудару немесе қолма-қол ақша беру бойынша шарттық қатынастар орнатудың қауіпті екендігі туралы хабардар етеді", - деп ескертті ведомство.