Қазақстанда өткен жылы 139 мың неке қиылып, 60 мыңға жуығы ажырасты

0
90

Ажырасатындардың дені – ортақ баласы жоқ жұптар екен.


Қазақстанда өткен жылы 139 мың неке қиылып, 60 мыңға жуығы ажырасты

Қазақстанда 2019 жылы 139,5 мың неке тіркеліп, 59,8 мың жұп ажырасты, деп хабарлайды ERNUR.KZ ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетіне сілтеме жасап.

Мәліметке сүйенсек, былтыр қиылған некелердің саны 1,2% көп болып, 139,5 мыңды құрады. Оның ішінде 98,2 мың немесе 70,4 пайыз неке қалаларда, 41,3 мыңы немесе 29,6 пайызы ауылдық жерлерде тіркелген. 84,2 пайызы - моноэтникалық, 15,8 пайызы этносаралық некелер болды. Бірінші рет отбасын құрған ерлер – 81,8 пайыз, әйелдер – 83,6 пайыз.

Қарым-қатынасын заңдастырғандардың ең көп саны Нұр-Сұлтан қаласында тіркелді. Ең азы – Солтүстік Қазақстан облысында.

2019 жылы отбасын құруды шешкендердің орташа жасы: ерлерде - 27,6 жас, әйелдерде 25 жас болды.

Әйелдердің 42,9 пайызы 20-24 жасында тұрмыс құрған екен. Ерлердің 35,6 пайызы 25-29 жасында үйленді.

Өткен жылы Қазақстанда ажырасулар саны 9,1% артып, 59,8 мыңды құраған.

Некені бұзу ауылдық жерлерде аз болатыны анықталып отыр. 26,3 пайызы немесе 15,7 мың жұп ауылдарда ажырасқан. Қаладағы көрсеткіш – 73,7 пайыз немесе 44,1 мыңды құрады.

Заңды қарым-қатынасты үзгендердің ең көп саны Павлодар облысында тіркелді, ең азы – Түркістан облысында.

Бірінші некені бұзған жұбайлардың орташа жасы: ерлерде 37,9 жас, әйелдерде 34,8 жас.

Ортақ балалары жоқ ерлі-зайыптылар арасында ажырасу жиі болады – 40,3 пайыз. Бір ортақ баласы барлар – 30 пайыз, екі және одан да көп балалары барлар – 29,7 пайыз.

Былтыр некені ең көп бұзу 5-9 жыл отауласқандар арасында тіркелген – 27,7 пайыз. Ажырасулардың 21,7 пайыз – бір шаңырақ астында 2-4 жыл тұрғандар, 16,6 пайызы – 10-14 жыл, 13,7 пайызы – 20 жыл және одан жоғары, 8,2 пайызы – 15-19 жыл, 7,5 пайызы – 1 жыл, 4,6 пайызы – отауласқанына 1 жыл толмаған жұптар арасында болды.



Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет