Қазақстанда полицейлерді қызметке жаңа ережелер бойынша қабылдайды

0
628

Жаңа жылдан бастап ережелер жеңілдетіледі.


Қазақстанда полицейлерді қызметке жаңа ережелер бойынша қабылдайды

ERNUR.KZ. Келесі жылдың басынан бастап Қазақстанда ішкі істер органдарына қызметке қабылдау тәртібі өзгереді – 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап "Құқық қорғау қызметі туралы" заңға түзетулер күшіне енеді, деп жазады kaz.nur.kz.

Ведомствоның мәліметінше, жаңа жылдан бастап ішкі істер органдарына қатардағы, кіші және орта басшы құрамның лауазымдарына алғашқы кәсіптік даярлық арқылы іріктеу ережелері жеңілдетіледі. Енді құқық қорғау органдары қатарына қабылдануға ниет білдірушілер конкурстан өтпейді, сондай-ақ сынақ мерзімі болмайды.

Алғашқы кәсіптік даярлықтан өткендердің конкурсқа қатыспайтыны белгілі болды.

Осылайша, аға және жоғары басшы құрам лауазымдарына үміткерлерді іріктеу конкурстық негізде жүзеге асырылады. Олар кем дегенде бір ай тағылымдамадан өтуі тиіс. Содан соң үміткерлер сынақ мерзімінен өтетін болады. Тек басшылық лауазымдарға тағайындалған тұлғалар ғана сынақ мерзімінен өтпейді.

Құқық қорғау органдарының қатардағы, кіші және орта басшы құрамына үміткерлер алғашқы кәсіптік даярлықтан өту арқылы іріктеледі. Кәсіптік даярлық бір ай бойы өтеді, оған қатысқан үміткерлерде сынақ мерзімі болмайды.


"Алғашқы кәсіптік даярлыққа қабылдау туралы бұйрық тыңдаушыны тағылымгер қатарына қосуға негіз болып табылады", – делінген ведомствоның хабарламасында.


Министрліктің кадр саясаты департаментінің бастығы әр полицейдің халықпен диалог жүргізуді үйренуі тиіс екенін атап өтті. Енді кадрларды даярлау және іріктеу жүйесінде ішкі істер органдарының қызметкерлерін қоғаммен өзара әрекеттесуге дайындауға басымдық беріледі.