Қазақстанда Yandex.kz сайты неге ашылмай тұр – министрлік түсініктемесі

0
455

9 тамызда Қазақстандағы Интернетті пайдаланушылардың көпшілігі Yandex.kz сайтын аша алмады.


Қазақстанда Yandex.kz сайты неге ашылмай тұр – министрлік түсініктемесі

ERNUR.KZ. Қазақстанда Yandex.kz сайты істемей қалды. Бұған қатысты Цифрлық даму министрлігі түсініктеме берді, деп жазады zakon.kz.

9 тамызда Қазақстандағы Интернетті пайдаланушылардың көпшілігі Yandex.kz сайтын аша алмады. ҚР Цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметі аталған веб-ресурсқа қатысты шектеудің немен байланысты екенін түсіндірді.

"2023 жылдың 9 тамызынан бастап Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2018 жылғы 13 наурыздағы № 38/НҚ бұйрығымен бекітілген Интернеттің қазақстандық сегменті кеңістігінде домендік атауларды тіркеу, пайдалану және тарату ережелерінің 16-тармағының 6-тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағынан тыс аппараттық-бағдарламалық кешендерде интернет-ресурсты орналастырғаны үшін www.yandex.kz домендік атауы жұмысы тоқтатылды", деп түсіндірді баспасөз қызметі.

Министрлік "Яндекс" ААҚ-ға компания пайдаланатын деректерді өңдеу орталықтарының орналасқан жері және ҚР азаматтарының дербес деректерін қорғау шаралары, сондай-ақ "Яндекстің" құқық қорғау және арнайы органдармен өзара іс-қимыл жасау қағидаттары туралы толық ақпарат беруді талап ете отырып, сауал жолданғанын да нақтылайды.

Айта кетсек, бірқатар БАҚ "1 қыркүйектен бастап РФ Федеральды барлау қызметі Қазақстандағы "Yandex Такси" мәліметтер базасын пайдалануы мүмкін" деген ақпарат тарата бастады. Осыған қатысты Қазақстандағы Яндекс Go компаниясының баспасөз қызметі түсініктеме беріп, Ресей заңнамасы Қазақстандағы қызметке және оның пайдаланушыларына қатысты қолданылмайтынын қадап айтқан.