Қазақстанда жасөспірімдерге арналған алғашқы ЛГБТ сайт пайда болды: Оған қарсы петиция жарияланды

0
907

Сайтта сексуал бағытыңыз (ориентация) қандай екені және оны қалай түсінуге болатыны туралы ақпараттар берілген.


Қазақстанда жасөспірімдерге арналған алғашқы ЛГБТ сайт пайда болды: Оған қарсы петиция жарияланды

ERNUR.KZ. Қазақстанда ЛГБТК+ туралы жасөспірімдерге арналған алғашқы сайт ашылды. Бірақ қазақстандық ата-аналар дәстүрлі емес сексуальды бағыт насихатына наразы, деп жазады stan.kz.

Сайтта сексуал бағытыңыз (ориентация) қандай екені және оны қалай түсінуге болатыны туралы ақпараттар берілген. Сонымен қатар достар табу, қарым-қатынас орнату, мектептегі буллинг және оны жеңу үшін қайдан қолдау мен көмек алуға болатыны туралы да жазылған.

Аталған Selftanu жобасын ЛГБТК+ белсенді Саша Казанцева мен белсенді әрі контент-креатор Мутали Москеу дайындаған.

Саша Казанцева Балтық жағалауы елдерінде тұрады. Ал Мутали Москеу – алматылық музыкант-диджей. Ұйымдастырушылардың пікірінше, сайт ақпарат көзіне айналуға тиіс.

"Біз өзіміз ЛГБТК+ жасөспірім едік. Мұндай адамдар қандай сұрақтарға кезігетіні және оларға жауап табу қаншалықты қиын болатыны есімізде. Сайттан жасөспірімдер (тек жастар ғана емес) ЛГБТК+ өкілдерін алаңдатуы мүмкін барлық мәселе бойынша пайдалы нұсқаулар таба алады", – делінген сайтта.

Алайда қазақстандықтар бұл жобаға қарсы шығып, сайтты жабу жөнінде петиция жариялады.

Петиция "Біз – отбасы құндылықтарын бағалайтын 135 қазақстандық ата-ана. Басты мақсатымыз – қоғамда саналы ата-ана болу мәдениетін қалыптастыру" деген сөздерден басталады.

Қарсылық танытушылардың айтуынша, отбасы құндылықтарын насихаттау дені сау және бақытты тұлғаны тәрбиелеуде аса маңызды. Отбасы – қоғам негізі. Онда мораль, әдеп мен әлеуметтік нормалар туралы алғашқы ой қалыптасады. Егер ата-ана отбасы құндылықтарын насихаттамаса, балалар агрессия, нашақорлық, алкоголизм сынды басқа да жағымсыз әдеттерге бейім болуы мүмкін.

Сонымен қатар, цифрлық ақпарат ғасырында отбасы институтының дамуына БАҚ пен әлеуметтік желілер де әсер етеді. Бір жағынан олар саналы ата-ана болу, дәстүрлі және отбасылық құндылықтардың маңызын насихаттай отырып, осы институтты нығайтуға көмектесе алады, екінші жағынан олар өскелең ұрпақтың теріс бағытта кетуіне ықпал етуі мүмкін.

“Біз, қазақстандық ата-аналар қауымдастығы, ЛГБТ секілді батысқа тән құбылыс қоғам арасында, оның ішінде selftanu.kz ақпараттық ресурсында ашық насихатталып жатқанына алаңдаймыз. Сайтта сексуальды бағыт мен қай гендерге жататыныңызды қалай түсінуге болатыны, достарды қалай тауып, қарым-қатынас орнатуға болатыны, ЛГБТК+ қарым-қатынас және жыныстық өмір туралы, қолдау мен көмекті қайдан іздеуге болатыны туралы ақпарат бар”, – делінген үндеуде.

Белсенділердің сөзінше, selftanu.kz сайты арқылы ЛГБТ-ны насихаттау бала психологиясына кері әсер етіп, соңында отбасы құндылықтарын жоғалтуға және отбасы институты бұзылуына әкеп соғуы ықтимал.

"Біз Қазақстан азаматтарын бұл жағдайға бей-жай қарамай, ЛГБТ-ны насихаттайтын selftanu.kz сайтына тыйым салу және бұғаттау туралы петицияға қол қоюға шақырамыз, - дейді петиция авторлары.