Қазақстандық актриса Лаоста құлдыққа түскенін мәлімдеді

0
1 108

Желі арқылы жақсы қызметпен алдаған жұмыс берушілер оны шалғай жатқан ауылға апарып, күштеп ұстап отыр. Әнел ғаламторға шығып, жеке парақшасында басына түскен жағдайды баяндап үлгерді.


Қазақстандық актриса Лаоста құлдыққа түскенін мәлімдеді

ERNUR.KZ. Қазақстандық актриса Әнел Бермағанбетова Лаос мемлекетінде құлдыққа түскенін мәлімдеді, деп жазады Sputnik.kz.kz.

Желі арқылы жақсы қызметпен алдаған жұмыс берушілер оны шалғай жатқан ауылға апарып, күштеп ұстап отыр. Әнел ғаламторға шығып, жеке парақшасында басына түскен жағдайды баяндап үлгерді.
Тура бір тәулік бұрын Әнел Лаос мемлекетіне қалай кетіп қалғанын жариялады. Ол ұшақпен Тайландқа барған. Сол жерде қытайлық компанияда жұмыс істеп, өз брендін жасай алады деген келісім болған. Айтуынша, әуежайдан оны бір қыз қарсы алды. Одан кейін қымбат көлік берді. Қонақ үйдегі нөмірді де төлеп қойды. Бірақ ертеңінде мүлдем басқа жерге алып барған.
"Таңертең жеке көлігім келді де, әуежайға апарып тастады. Сол жерден Чианграй (Тайландың солтүстігіндегі қала - Sputnik) ұшып бардым. Одан кейін көлікпен 2,5 сағаттай бір ауыл арқылы жүрдік. Төлқұжатты бақылау бекетіне келдік. Ол жерде екі тайлық бір-біріне қарап, бас изеді де, Тайландтан шыққаны туралы мөртабан басты", - деп жазды Бермағанбетова.
Әнелді қайыққа отырғызып, өзеннің арғы жағына алып барды. Ол жақта ешкім қарсы алған жоқ. Бірақ артынан бір қытайлық келді. ПТР-тест пен қан тапсыруға апарды. Ол үшін ақша алмады, бәрін өзі төледі.
"Осыдан кейін компания кеңсесіне апарды. Оның аумағына кіргенде алданып қалғанын түсіндім...", - дейді Әнел.
Одан тағы бірнеше анализ алып, 8 адам тұратын лас бөлмеге орналастырды.
Әнелдің ағасы мен таныстары полицияға арыз түсірді. Вьетнам мен Тайланд елшілігіне, сондай-ақ, Лаос сыртқы істер министрлігіне шағымданды. Алайда осы уақытқа дейін қазақ қызына ешкім хабарласқан жоқ.
"Лаоста отырғаныма төрт күн болды. Мен бөлменің есігін жауып алып, ешкімді кіргізбей отырмын. Кеше басшы болып жүрген бір қытайлықпен сөйлестім, бұл жерде жұмыс істемеймін, жолға кеткен ақшасын өтеп беремін дедім. Үйге қайтқым келеді. Ол болса, бұл жерден жайдан-жай кетуге болмайды, бір жыл қалуым керек деді. Маған клиенттермен жұмыс жөніндегі менеджер қызметін ұсынған. Алдап кетті, алаяқтар болып шықты. Мен Лаоста тұтқындалып отырмын. Сөйтсе, олардың жалға алған жер учаскесі бар екен. Сол жерде заңсыз қызмет жүргізе алады", - деп түйіндеді Әнел.
Ал Қызылорда облыстық полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 126-бабы, 1-бөлігі (Бас бостандығынан заңсыз айыру) бойынша сотқа дейінгі тергеу шараларын бастады.
Айта кетері, Әнел Бермағанбетова 2021 жылы шыққан "Офис за чертой" фильміне түскен.