Қазақстандық екі фильм Гатчин кинофестивалінде жүлде алды

0
366

Үздік сценарий үшін жүлдені режиссер Дарежан Өмірбаевтың «Ақын» фильмі алды.


Қазақстандық екі фильм Гатчин кинофестивалінде жүлде алды

ERNUR.KZ. 20 қыркүйекте Гатчин қаласында өткен «Әдебиет және кино» халықаралық кинофестивалінде «Қазақфильмнің» екі фильмі жүлдеге ие болды, деп жазады ҚазАқпарат.

Киностудия баспасөз қызметінің мәліметінше, қоюшы-суретші Ермек Өтегенов, Болат Қалымбетовтың «Мұқағали» фильміндегі үздік жұмысы үшін Халықаралық қазылар алқасының арнайы дипломымен марапатталды.

Үздік сценарий үшін жүлдені режиссер Дарежан Өмірбаевтың «Ақын» фильмі алды.

Биыл Гатчиндегі кинофестивальдің конкурстық бағдарламасына кәсіби авторлар мен дебютанттардың 35 фильмі енген. Байқауға Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Армения, Израиль, Қазақстан және Тәжікстан елдерінің ірі танымал студиялары мен тәуелсіз авторлары өз картиналарын ұсынды.

Былтыр белгілі режиссер Болат Қалымбетов түсірген «Мұқағали» фильмі «Темные ночи» атты 25-ші Таллин кинофестивлінде (PÖFF) экуменикалық қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болған еді.

Айта кетсек, қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ жарыққа шығарған кинотуынды аты аңызға айналған ақын өмірінің соңғы жылдары туралы баяндайды. Фильмнің сценарийін белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбек режиссер Болат Қалымбетов және Ғазиз Насыровпен бірге жазды. Аталған кинотуынды былтыр 21 қазанда прокатқа шыққан болатын.

Ал, режиссер Дәрежан Өмірбаевтың «Ақын» фильмінің әлемдік деңгейдегі тұсаукесері 34-ші Халықаралық Токио кинофестивалі шеңберінде өтті.

Айта кетейік, «Ақын» фильмі технологиялар дамыған қазіргі заманда өнердің қоғамда алатын орны туралы ой қозғап, поэзияға сұраныс азайған дәуірде ақынның күйініші туралы сыр шертеді.

Қазақ халқының XIX ғасырдағы ең көрнекті ақындарының бірі Махамбет Өтемісұлының қилы тағдыры жайында ойға батқан басты кейіпкер нәзік жүректі ақындардың өмірі қашан да қиын болғанын түсінеді.

Фильмнің сценарийі неміс жазушысы Герман Гессенің «Авторлық кеш» атты автобиографиялық әңгімесі желісімен жазылған.

Фильмдегі басты рөлді «Жігіттер» тобының әншісі Ердос Қанаев сомдайды.