Қазақстандық ғалымдар терең жаралар мен күйіктерді емдеуге арналған құралдар ойлап тапты

0
570

Бұл құрал клиникалық сынақтардан өткен, жақында Қазақстанда тіркеледі.


Қазақстандық ғалымдар терең жаралар мен күйіктерді емдеуге арналған құралдар ойлап тапты

ERNUR.KZ. Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық биотехнология орталығының ғалымдары терең жаралар мен күйіктерді емдеп жазуға арналған бірнеше инновациялық құрал ойлап тапты, деп жазады Tengrinews.kz.

БҒМ баспасөз қызметі соның бірі Х-Graft биологиялық жабыны екенін мәлімдеді.

Бұл құрал клиникалық сынақтардан өткен, жақында Қазақстанда тіркеледі. Зерттеу нәтижелері биологиялық материалды қолдану жараларды емдеуді едәуір жылдамдатып, емделушілердің ауруханаға жату кезеңін қысқартатынын көрсетті.

"Орталық ғалымдары әзірлеген X-Graft биологиялық жабыны заманауи инженерлік технологиялар көмегімен коллаген және эластин талшықтарынан жасалған. Таңу материалы терең және ұзақ емделмейтін жараларды емдеуге арналған, сонымен қатар, трофикалық жараларды уақытша жабу үшін қолданылады. Дәке таңғыштарымен салыстырғанда жабынды қолдану ыңғайлы, жараның бетіне жабыспайды. Емдік қасиеттері бойынша биологиялық жабын шетелдік нұсқалардан кем түспейді, жоғары беріктікке ие", – деді БҒМ Ұлттық биотехнология орталығының бас директоры Ерлан Раманқұлов.

Сондай-ақ, Ұлттық биотехнология орталығының ғалымдары терең жара мен күйікті емдеуге арналған "Фиброспрей" жасушалық препаратын ойлап тапты.

"Аэрозоль тері жасушаларының (фибробласттар) суспензиясы және жараның жазылуын екі есе жылдамдатады. Сонымен қатар, клиникалық тәжірибеде препарат тері трансплантацияларын тездету үшін қолданылады.
Орталық ғалымдарының тағы бір жаңалығы бағаналы жасушаларды күрделі сынықтар мен зақымдалған тізе буындарын қалпына келтіру үшін пайдаланады", - деп хабарлады.

Гидрогельді құрайтын бағаналы жасушалар сүйек немесе шеміршек тіндерінің қалпына келу процесін тездетеді. Арнайы технологияның арқасында препарат операциядан кейін үш-алты ай ішінде зақымдалған сүйек пен шеміршек тінін қалпына келтіреді.