Қазақстандықтар бүгіннен бастап Ұлттық санақтың онлайн кезеңіне қатыса алады

0
331

1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында sanaq.gov.kz сайтында Ұлттық санақтың онлайн кезеңі жүргізіледі.


Қазақстандықтар бүгіннен бастап Ұлттық санақтың онлайн кезеңіне қатыса алады

ERNUR.KZ. Бүгін Ұлттық санақтың онлайн кезеңі басталды. 15 қазанға дейін қазақстандықтарға санаққа онлайн режимде атсалысу мүмкіндігі беріліп отыр, деп жазады ҚазАқпарат.

Сонымен 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында sanaq.gov.kz сайтында Ұлттық санақтың онлайн кезеңі жүргізіледі.

Жүйеде тәулігіне 24 сағат бойы еркін кіріп, санақ парақтарын толтыруға болады. Сондай-ақ сайтта бланкты толтыруды тоқтату және кейін қайта жалғастыру мүмкіндігі жасалады. Ұлттық санақтың оффлайн кезеңі 1-30 қазан аралығында өткізіледі деп жоспарланған. Бұл кезеңде онлайн санаққа қатыспаған тұрғындардың үйлеріне санақ жүргізуші интервьюерлер барып, мәліметтерді арнайы планшетке енгізеді.

Ұлттық статистика бюросы онлайн санақты қазіргі пандемия кезінде халыққа берілген баламалы әдіс ретінде қарастырып отыр. ТМД елдерінің арасында мұндай тәжірибе тек Беларусь мемлекетінде ғана пайдаланылды. Бұл елде де біздегідей екі әдіспен санақ жүргізілді. Нәтижесінде халықтың 22 пайызы онлайн тәсілді пайдаланған болатын.

Санақты өткізуге жауапты орган ретінде Ұлттық статистика бюросы азаматтардың жеке бас деректерін қорғау жағына да көңіл бөліп отыр.

Санақ кезінде қолданылатын ақпараттық жүйе ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Мемлекеттік техникалық қызмет» мекемесінің талдауына алынған. Тоқсан сайын жүйенің осал тұстарын анықтау мақсатында тексеру жүргізіліп отырады. Сондай-ақ, санақ қарсаңында ақпараттық жүйенің ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі сынақтан өткізіліп, ол бойынша оң нәтиже алынған.

Арнайы sanag.gov.kz сайтының қорғанышы ретінде сервер мен қолданушы арасындағы ақпарат алмасу https хаттамасымен қорғалған, әлемдегі ірі сертификаттау орталықтарының бірі - Sectigo SSL-сертификаты алынған.

Санаққа онлайн режимде атсалысқысы келген азаматтар Aitu Messenger отандық мобильді қосымшасы арқылы санақтан өте алады. Бұдан бөлек egov.kz электронды үкімет сайтының басты бетінде sanaq.gov.kz сілтемесі бар. Сол сілтеме бойынша өтіп, онлайн режимде санақ парақтарын толтыруға болады.

Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкеловтің Үкімет отырысында берген мәліметі бойынша, биылғы санаққа пандемиямен, вакцинамен байланысты сұрақтар қосылып отыр.

«Халық санағын өткізу үшін 91 сұрақтан тұратын санақ парақтары әзірленді. Олар үй шаруашылықтарында тұратын адамдар саны туралы, тұрғын үй жағдайлары туралы сұрақтарға жауап береді. Үй шаруашылығының әр мүшесі толтыратын «Жеке» санақ парақтары және шетелдіктер елде уақытша жүргендер үшін арнайы санақ парақтары бар. Санақ парақтарына халықтың көші-қоны, тіршілік қабілетін шектеу, пандемияның табыс деңгейіне әсері, коронавирус инфекциясымен сырқаттанушылық және халықты вакциналау туралы жаңа сұрақтар енгізілді. Жұмыспен қамту, тіл меңгеру, мекен-жайы және бала туу туралы сұрақтардың қатары кеңейтілді», - деді Ұлттық стаистика бюросының басшысы.

Оның айтуынша, жалпы 2018-2023 жылдарға арналған Ұлттық халық санағын қаржыландырудың қажетті көлемі – 9,1 млрд теңге. Санақ барысында 32 313 адам уақытша жұмыспен қамтылмақ.

Аталған 9,1 млрд теңгенің жартысынан көбі – 4,07 млрд теңгесі еңбекақыға бағытталмақ. Бүгінге дейін 3,5 млрд теңге игерілген.

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Самайыловтың айтуынша, биылғы санақ 2009 жылғы санаққа қарағанда 2,6 есе арзан. Оған санақ деректерін қағазға түсірмей, бірден планшет арқылы орталыққа жолдау тәсілі септігін тигізуі тиіс.

Мәселен, бір ғана Шымкент қаласының өзінде санақ персоналына 246 планшет табысталып отыр.