Сенатордың айтуынша, алдағы уақытта азаматтардың мүлкін сақтандыру жүйесін одан әрі жетілдіру жолдары қарастырылуы керек.
ERNUR.KZ. Биыл тасқын судан 13 мыңға жуық жеке тұрғын үй зардап шекті. Сенатор Бибигүл Жексенбай өзінің депутаттық сауалында төтенше жағдайлар кезіндегі шығындарды өтеудің жаңа жолдарын ұсынды, деп жазады stan.kz.
"Биыл еліміздің бірқатар өңірін қарғын су мен топан су басып, 13 мыңға жуық жеке тұрғын үй су астында қалды. Қазір үкімет пен билік оның зардаптарын жою бойынша кешенді шаралар жүргізіп жатыр. Алайда мұндай төтенше жағдайда шығындарды өтеуде мемлекеттік бюджетпен қатар жаңа жолдарды қарастыру уақыт талабы", – деген сенатор мемлекет басшысының Қазақстан халқы ассамблеясының 33-сессиясында айтқан сөзін еске салды.
Сенатордың айтуынша, алдағы уақытта азаматтардың мүлкін сақтандыру жүйесін одан әрі жетілдіру жолдары қарастырылуы керек. Дамыған елдерде апаттан келген шығынның басым бөлігін сақтандыру компаниялары да өз мойнына алады. Ол үшін экономика мен қаржы жүйесін дамытып, қоғамда тиісті мәдениет қалыптастыру керек.
"БҰҰ мәліметінше, кейінгі 20 жылда дүниежүзінде табиғи жер сілкінісі, су тасқыны, құрғақшылық және дауыл сыны табиғи апаттар саны екі есе өскен. Қазақстанның 75%-ы дауыл, көшкін, жер сілкінісі, су тасқыны және дала өрттері сияқты табиғи апаттардың қаупі жоғары аумаққа жатады. Халықаралық тәжірибе бойынша мұндай табиғи және техногендік апат аймақтары бар елдерде арнайы сақтандыру қорлары, мемлекеттік бағдарламалар, міндетті сақтандыру жүйелері жұмыс істейді", – дейді депутат.
Ол сондай-ақ табиғи апат кезіндегі сақтандыру қоры дұрыс жолға қойылған бірқатар шет мемлекеттерді мысалға алды.
"Түркияда 1999 жылдан бері апаттық тәуекелдерден міндетті сақтандыру бағдарламасы – Түркияның апатты сақтандыру пулы қосылып, оның аясында мемлекеттік сақтандыру компаниясы құрылған. Сонымен қатар жылжымайтын мүліктің шамамен 50%-ы осы міндетті бағдарламамен қамтамасыз етілген. Жапонияда 1966 жылы, яғни 58 жыл бұрын жер сілкінісін қайта сақтандыру бағдарламасы іске қосылды. Осы уақыт ішінде бағдарлама үнемі жетіліп келеді. Шетелдік сақтандыру компанияларында тәуекелдер қайта сақтандырылады", – деді Бибігүл Жексенбай.
Депутат сонымен қатар ешбір ел өз аумағында болған апат тәуекелінен залалды дербес өтей алмайтынын айтты. Табиғи апаттардан төтенше жағдайлар кезінде келтірілген залал отандық сақтандыру жүйесінің дамымағанынан өте сирек өтеледі. Мұндай жағдайда зардап шеккендерді тұрғын үймен қамтамасыз ету және олардың қаржылық мәселелерін шешу ауыртпалығын түгел дерлік жергілікті атқарушы органдар мен Қазақстан Республикасының үкіметі көтереді. Елімізде халықты жылжымайтын мүлікті міндетті сақтандыруды енгізу мүмкіндігі кейінгі жиырма жылда кезең-кезеңімен талқыланып келеді. Алайда бұл бағыттағы жұмыс жүйелі, мақсатты жүргізілмегендіктен, елімізде сақтандыру компанияларына сенім төмен, сақтандыру мәдениеті қалыптаспаған.
Сенатор осыған байланысты үкімет басшысына тұрғын үйді міндетті сақтандыруды талқылау үшін мекемеаралық комиссия құруды ұсынды. Төтенше шығындарды өтеу тұрғысынан отандық сақтандыру компанияларының мүмкіндіктеріне талдау жасау керек. Төтенше жағдай қаупі туралы алдын алу шараларын қабылдау барысында халыққа ескерту үшін барлық жағдайды қарастыру керек. Одан басқа, халықты табиғи апаттан қорғауға бағытталған тиісті заң жобасы әзірленуі тиіс және онда қалпына келтірілген тұрғын үйді азаматтардың меншігіне берудің нақты тәртібін реттеу мен сақтандыру ұсынылды.