Қазақстандықтарға жаңа міндет жүктейтін заңдар қай кезде күшіне енуі мүмкін

0
288

Құжатта азаматтар мен бизнеске қосымша міндеттер жүктейтін нормаларға қатысты өтпелі кезең тәжірибесін заңнамалық деңгейде белгілеу ұсынылып отыр.


Қазақстандықтарға жаңа міндет жүктейтін заңдар қай кезде күшіне енуі мүмкін

ERNUR.KZ. Халық пен бизнеске қосымша міндеттер жүктейтін жаңа нормалар заң қабылданғаннан кейін екі айдан соң ғана күшіне енуі мүмкін. Мәжіліс тиісті заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп жазады sputnik.kz.

Мәжілістің жалпы отырысында нормашығармашылықты жетілдіру мәселелері туралы заң жобасы қаралды.

Заң жобасы құқық қолдану практикасындағы проблемаларды жоюға, азаматтарды заңнамалық бастамаларды талқылау процесіне тарту практикасының тиімділігін арттыруға, заң шығарудың болжамды-талдамалық құрамдас бөлігін жақсартуға бағытталған.

Әділет министрі Марат Бекетаевтың айтуынша, құжатта азаматтар мен бизнеске қосымша міндеттер жүктейтін нормаларға қатысты өтпелі кезең тәжірибесін заңнамалық деңгейде белгілеу ұсынылып отыр.

"Жаңа міндеттерді белгілейтін нормалар халық пен бизнестің дайын болуына қарай қабылданған күннен бастап 60 күндік мерзімнен ерте енгізілмейтін болады", - деді министр.

Айтуынша, бұл қоғамды алдағы өзгерістерге дайындау үшін қажет. Осы екі ай аралығында қазақстандықтар арасында қабылданған заң бойынша тиісті түсіндіру жұмысы жүргізіледі.

Бұдан бөлек, заң қабылданғаннан кейін оның тиімділігін бағалау міндеті ұсынылды. Бұл міндет заңды әзірлеген мемлекеттік органдарға жүктелетін болады.

Яғни, бір жыл өткеннен кейін әзірлеуші орган заңды қабылдаудың оң немесе теріс нәтижелері бар есеп дайындайды. Бұл есеп жұртшылықпен талқыланады.

Министр заң жобасын қабылдау отандық заңнаманың проблемаларын шешуге ықпал ететінін атап өтті.

Мәжіліс заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет