Қазақстанға Каспий теңізі арқылы интернет тартылады – министр Мусин

0
544

Әзербайжаннан талшықты-оптикалық желі тарту мәселесі төрт жыл бұрын қарастырылған. Бірақ іске аспай қалды.


Қазақстанға Каспий теңізі арқылы интернет тартылады – министр Мусин

ERNUR.KZ. Әзербайжаннан интернет желісін тарту жобасы жанданады. Қазіргі кезде келіссөздер басталды. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.

Мәжілістің бүгінгі отырысында депутат Айбек Паяев санкциялық соғысқа қатысты тағы бір мәселені көтерді.
"Егер Ресейден бізге келетін трафик қиындаған жағдайда Әзербайжаннан оптикалық-талшықты желі тартып, интернетті халыққа қолжетімді ете аламыз ба? Сосын оны транзитпен сатып, пайда табу жоспары бар ма? Өйткені өзіңіз білесіз, қазір елімізде интернет қымбат, халыққа қолжетімді емес. Ауылдарды аралаймыз, интернет жоқ! Сіздер интернет бар деп баяндайсыздар, бірақ ол жоқ. Ал Әзербайжаннан трафик тартсақ, көп мәселені шеше аламыз", - деді Паяев.
Министр Мусиннің айтуынша, Каспий теңізі арқылы Әзербайжаннан талшықты-оптикалық желі тарту мәселесі төрт жыл бұрын қарастырылған. Бірақ іске аспай қалды.
"Биыл осы жоба жанданып, іске асырылады деп ойлаймын. Біз қазір Әзербайжанмен келіссөз жүргізіп жатырмыз", - деп атап өтті Мусин.
Бұған дейін Қазақстан тарапынан осы жобаға Транстелеком жауапты болған. Енді Қазақтелеком айналысады. Бірақ мемлекетаралық келісімшартта Транстелеком көрсетілген. Оны басқа құжаттардың негізінде ауыстырады.
"Біз тез арада осыны жүзеге асырамыз. Себебі бұл, шынымен де, стратегиялық маңызы бар жоба, мемлекет басшысының жеке бақылауында. Біз осы жобаны бір жарым-екі жылдың ішінде жүзеге асырамыз ", - дейді Мусин.
Ал депутат Паяев бұл бастаманы ұзаққа созбауды сұрады. Депутаттар қажетті заңдарды жылдам қабылдауға дайын.