Қазақстанның екі облысында өлген ақбөкендердің 650 ұшасы табылды

0
651

Қазіргі таңда Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданынан 124 ақбөкеннің өлекселері (104 аталық, 20 аналық) табылды, олардың көпшілігінің аталық болуы, күйлеу кезеңінен кейінгі табиғи жағдай екенін көрсетеді.


Қазақстанның екі облысында өлген ақбөкендердің 650 ұшасы табылды

ERNUR.KZ. Ақбөкендерді қорғау бойынша қабылданған мемлекеттік шараның арқасында оның саны 24 мыңнан (2003 ж.) 1,3 млн басқа (2022 ж.) дейін артты, деп жазады baq.kz.

Оның ішінде Орал популяциясы – 801 мың, Бетпақдала – 489 мың, Үстірт – 28 мың бас.

Айта кету керек, Орал популяциясының саны тарихта тіркелген ең үлкен көрсеткіш.

Киік санының артуымен сәйкесінше күйлеу кезеңінде (қараша-желтоқсан айлары) табиғи жағдайдағы өлген жануарлардың саны да артты, бұл көрсеткіш орташа есеппен 15-тен 30%-ға дейін. Ақбөкендердің өлімінің тағы бір себебі климаттық жағдайлар да болуы мүмкін. Мәселен, жұт кезеңінде азықтың аздығы да киіктің өліміне әкеп соғады, - делінген Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті таратқан хабарламада.

Қазіргі таңда Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданынан 124 ақбөкеннің өлекселері (104 аталық, 20 аналық) табылды, олардың көпшілігінің аталық болуы, күйлеу кезеңінен кейінгі табиғи жағдай екенін көрсетеді. Сондай-ақ қар жамылғысы ерігеннен кейін ақбөкен өлекселері Батыс Қазақстан облысында саны ең көп Орал популяциясынан да табылды – 526 ұша (456 аталық, 65 аналық, 5 төл), бұл аймақта да аталық ұшалардың көп болуы, күйлеу кезеңінен кейінгі өлім екенін көрсетеді.

Сонымен қатар, ақбөкендердің өлімінің себебін анықтау мақсатында ветеринарлық қызметтер өлген жануарлардан патологиялық материалдар алды. Қар жамылғысы ерігеннен кейін жергілікті атқарушы орган, «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК және аумақтық инспекция бірлесіп, ұшалар табылған аумақтарды тазартады. Қазіргі уақытта 650-ден астам өлексе табылып, жойылды.