Қазақстанның ең үлкен туы Алматы аспанында желбіреді

0
456

Бұл жағдай Қазақстан рекордтар кітабына енді.


Қазақстанның ең үлкен туы Алматы аспанында желбіреді

ERNUR.KZ. Кәсіби парашютші Олег Тощев әуеден секіріп, көлемі 800 шаршы метрді құрайтын Қазақстанның ең үлкен туын жебіретті. Бұл жағдай Қазақстан рекордтар кітабына енді, деп жазады inbusiness.kz.

"Ашық аспан" акциясы Республика күніне орай Іле Алатауының баурайында өткізілді.

"Көк тудың ауданы 800 шаршы метрді құрайды. Көкке көтерілген көк ту Астананың негізгі ту бағанасында (450 шаршы метр) көтерілген жалаудан екі есе үлкен. Байрақ осы бірегей оқиға үшін арнайы әзірленген, оның нәтижесі Қазақстанның рекордтар кітабына енді. Тумен секіру биіктігі 3000 метрді құрайды, яғни ең танымал Шымбұлақ тау шаңғысы курортының деңгейінен де жоғары", - деді іс-шараны ұйымдастырушылардың бірі Тілек Каналин.

Ұйымдастырушылардың пікірінше, бұл акцияның мақсаты - барлық қазақстандықтардың патриоттық рухын нығайту, сондай-ақ ұлт болып бөлінбей, бір-біріне деген толерантты қарым-қатынас пен бейбіт аспан концепциясын қолдау.

"Қазақстанның көк байрағы - біздің бәрімізді біріктіретін мемлекеттік рәміз, Тәуелсіздігіміздің символы. Біз өз туымызға дұрыс құрметпен қарауды, мемлекетімізге деген жылы патриоттық сезімді нығайтуды қалаймыз", - деп атап өтті Тілек Каналин.

Олег Тощев парашютпен секіру бойынша әлемдік рекорд жаңартқан. Ол 12 жыл ішінде аспаннан 5800 рет секірген. Спортшы бүгінгі шараға бір ай көлемінде дайындалыпты.

"Ұшқыш екеуміз барлық мәліметтерді талқыладық. Мұқият дайындалдым. Жалпы, жалаумен секіру идеясы маған ұнады. Бұған дейін де туды көк аспанда желбіреткен күндер болды, ол кезде байрақ бұдан да үлкен болған", - деді Олег Тощев.

Қазақстандық рекордтар кітабының ресми өкілі Қуандық Құдайбергенов секіруден кейін ұйымдастырушыларға рекордты растайтын сертификат табыс етті.

"Рекордтың мәні - 3000 метр биіктікте парашютші спортшылар Қазақстанның ең үлкен туын желбіретті. Оның салмағы да ауыр - шамамен 90 кг және қатты материалдан жасалған. Сондықтан, акция өте қауіпті, оны орындау оңай емес. Тіпті 100 метр биіктікте де белгілі бір ағындар бар, ал 3000 метр биіктікте акцияның орындалуы тәжірибелі парашютшілер жұмысының арқасында мүмкін болды", - деді ол.