Қазалыда оқушыны ұрып-соғу оқиғасы: Полиция бастығы қызметінен алынады

0
478

Тағы 10 қызметкер қатаң сөгіс, сөгіс және ескерту түрінде тәртіптік жазаға тартылды.


Қазалыда оқушыны ұрып-соғу оқиғасы: Полиция бастығы қызметінен алынады

ERNUR.KZ. Қызылорда облысында жасөспірімді ұрып-соғу оқиғасына байланысты Қазалы аудандық полиция бөлімінің басшысы және 10 қызметкер қатаң тәртіптік жазаға тартылды, деп жазады ҚазАқпарат.

Еске сала кетейік, Қызылорда облысы Қазалы ауданында 6 сәуірде екі мектеп оқушылары арасында жанжал туындаған болатын.

Оған байланысты ҚР Қылмыстық кодекстің 293-бабына сәйкес тергеу амалдары жүріп жатыр.

«Тергеу барысында жәбірленушіні ұрып-соққан барлық жасөспірімнің жеке басы анықталып, олар уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Тиісті сараптамалар тағайындалған. Қазір Қазалы ауданында криминогендік ахуал тұрақты. Балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері рейдті жалғастырып жатыр. Облыстық полиция департаменті бастығының тапсырмасымен жедел жұмыстар жөніндегі орынбасары Қазалы ауданында арнайы құрылған жедел штабтың құрамында жұмыс істеп жүр. Құқық бұзушылықты дер кезінде анықтап, алдын алу шараларын жүргізбеген Қазалы аудандық полиция бөлімінің басшысын қызметінен босату жөнінде ҚР Ішкі істер министрлігіне ұсыныс жолданды. Тағы 10 қызметкер қатаң сөгіс, сөгіс және ескерту түрінде тәртіптік жазаға тартылды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр», - деді Қызылорда облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Шамшидин Амитов.