Қазалыда соққыға жығылған жасөспірімнің қал-жағдайы туралы жалған ақпарат тарады - басқарма

0
527

Қазалы ауданында жасөспірімдер арасындағы топтық төбелес салдарынан зардап шеккен баланың денсаулығына байланысты әлеуметтік желіде түрлі пікірлер айтылып жатыр.


Қазалыда соққыға жығылған жасөспірімнің қал-жағдайы туралы жалған ақпарат тарады - басқарма

ERNUR.KZ. Қызылордалық дәрігерлер Қазалыда 5 оқушы ұрып-соққан жасөспірімнің денсаулық жағдайына байланысты нақты мәлімет берді, деп жазады ҚазАқпарат.

"Қазалы ауданында жасөспірімдер арасындағы топтық төбелес салдарынан зардап шеккен баланың денсаулығына байланысты әлеуметтік желіде түрлі пікірлер айтылып жатыр. Оның ішінде баланың жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатқаны жөнінде ақпараттар бар. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы тұрғындардан жалған ақпарат таратпауды, тек қана ресми құзырлы мекемелер мәліметіне жүгінуді сұрайды. 9 сәуір сағат 19:00-дегі мәлімет бойынша жасөспірімнің жағдайы тұрақты ауыр. Динамикада асқынусыз, жақсарып келеді. Есін анық біледі, сұрақтарға жауап береді. Аздаған бас ауруына шағымданады, жалпы әлсіздік басым. Дене қызуы қалыпты. Лабораторлық зерттеулерде айтарлықтай өзгеріс жоқ. Облыстық көпбейінді балалар ауруханасы дәрігерлерінен тұрақты кеңес алынып отыр. Еміне коррекция жасалып жатыр", - деп мәлім етті облыстық денсаулық сақтау басқармасынан.

Еске салсақ, 6 сәуірде сағат 16:00 шамасында Қызылорда облысы Қазалы ауданында 15 жастағы жасөспірім жедел жәрдем бригадасымен аудандық көпбейінді орталық ауруханаға жеткізілген.

Әлеуметтік желіде жасөспірімді әлдекімдердің ұрып-соққан видеосы жарияланған еді. Осыған байланысты Қазалы аудандық полиция бөлімі қосымша тексеру және әлеуметтік желілерде мониторинг жүргізді. Жасөспірімді ұрып-соққан 5 оқушы анықталды.