Қазаннан бастап темекі бұйымдарын таңбаламаған бизнес өкілдеріне айыппұл салынады

0
2 334

Сәуірден бастап таңбалануы міндетті темекі өнімдерінің тізімі ұзартылады.


Қазаннан бастап темекі бұйымдарын таңбаламаған бизнес өкілдеріне айыппұл салынады

ERNUR.KZ. 2021 жылдың 1 қазанынан бастап темекі бұйымдарын таңбаламаған бизнес өкілдеріне айыппұл салынады. Өнімдерді таңбалау үшін темекі бұйымдарын сатушы дүкендер кассалық құрылғыларына арнайы бағдарламаны Google маркеттен жүктеуі тиіс, деп жазады Azattyq Rýhy.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мемлекеттік қызметтерді көрсету департаментінің директоры Бақытгүл Қазақпаеваның мәліметінше, таңбаланғабан темекі бұйымдары қазан айына дейін айналымда бола алады.

«Тауарларды таңбалау жүйесі маңызды бағыттардың бірі болып табылады. 2021 жылдың 1 қазаннан бастап фильтрі бар темекілерге міндетті таңбалау енгізілді. Таңбаланбаған өнімдер айналымда осы жылдың 1 қазанына дейін бола алады. Таңбаланған темекі өнімдерін импорттаушылардан, бөлшек дүкендерден шығаруға дейінгі қадағалау кезеңі ұйымдастырылды. Осы арқылы мемлекеттік органның темекі бұйымдарын қадағалау және тұтынушылардың темекі өнімі туралы толық ақпарат алуына жол ашылады. Маркерлеуге қатысты шығындар дүкендердің онлайн кассалық құрылғыларының екіөлшемді сканерлерінің жабдығына байланысты болады», - деді Бақытгүл Қазақпаева.

Кассалық жүйеде қателік кететін болса, бизнес өкілдері тәулігіне 24 сағат жұмыс істейтін техникалық қолдау орталығына жүгіне алады. Ал, заңға бағынбаған салық төлеушілерге әкімшілік кодекстің 283-бабы бойынша 200 АЕК-тен басталатын айыппұл салынып, мүлік тәркілеуге дейін жауапқа тарту қарастырылған.

Айта кететіні, Үкімет қаулысына сәйкес темекі бұйымдарын міндетті түрде таңбалауға 2020 жылдың 1 қазанынан бастап құрамында темекі бар фильтрлі өзге де сигареттер және 2021 жылғы 1 сәуірден бастап стиктер, сигаралар, сигарилдер, қыздырылатын темекі сияқты темекі өнімдері енді.