ҚАЖК төрағасы Күдебаевтың желіде тараған суретіне қатысты түсініктеме берді

0
1 643

​Суретті түсірген сотталушы тәртіптік изоляторға орналастырылды.


ҚАЖК төрағасы Күдебаевтың желіде тараған суретіне қатысты түсініктеме берді

ERNUR.KZ. ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Жанат Ешмағамбетов Алматы облысының бұрынғы полиция бастығы Серік Күдебаевтың желіде тараған түрмедегі суретіне қатысты түсініктеме берді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Баспасөз мәслихатында ҚР ІІМ ҚАЖК төрағасы Жанат Ешмағамбетов Өскеменнің №22 мекемесінде Серік Күдебаевтың дастарқан басында түскен суретінің тарауына байланысты қызметтік тергеу жүргізілгенін жеткізді.

«Күдебаевқа келетін болсақ, оны қоса есептегенде ол арада 11 немесе 12 адам болған, олардың әрекеттерінен қандай да бір бұзушылықтар анықталған жоқ. Оған (Күдебаев) арнайы қандай да бір ерекше жағдайлар жасалмаған. Ол басқа сотталғандармен тең жағдайда жазасын өтеп жатыр, бұл камералық емес, отрядтық сипаттағы ұстау мекемесі, онда орта есеппен 40-50 адам бар», - деді Жанат Ешмағамбетов.

ҚАЖК басшысының айтуынша, телефон Серік Күдебаевқа емес, басқа сотталушыға тиесілі болған. Сондай-ақ, тексеру барысында үстелге қойылған өнімдердің арасында алкогольдік ішімдіктер болмағаны анықталды, сотталғандар тамақтану кезінде алкоголь тұтынбаған.

«Бұл жағдайда сотталғандар туыстарымен кездесіп, сырттан тамақ қабылдаған. Өздеріңіз де суреттен үстел үстінде не тұрғанын көрген боларсыздар деп ойлаймын. 8 сағаттан кейін олар бос уақытында аталған бөлмеге тамақ ішу үшін жиналған. Біз анықтаған бұзушылық - мекемеде қатаң тыйым салынған ұялы телефонның болуы және бейнекамера объективінің бүркемеленуі», - деді Жанат Ешмағамбетов.

ҚАЖК төрағасы бүгіндері фотосуретті түсіріп, таратқан телефон табылып, тәркіленгенін нақтылады. Суретті түсірген сотталушы тәртіптік изоляторға орналастырылды, өйткені ол жазаны орындау режимін қасақана бұзушы деп танылды. Тыйым салынған заттың колония территориясына кіргізу жолдары қазір анықталып жатыр.

Алматы облысының бұрынғы полиция бастығы Серік Күдебаевтың Өскемендегі бұрынғы құқық қорғау органы қызметкерлері жазасын өтейтін тәртіптік мекемеде түскен суреті қыркүйектің алғашқы күндері желіде тараған еді.