"ҚазМұнайГаз" мұнай өңдеу зауыттарын жекешелендіру туралы ақпаратты жоққа шығарды

0
1 433

ҚМГ мұнай өңдеу зауыттарында барлық өндірістік процесс штаттық режимде жүріп жатыр.


ERNUR.KZ. "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Дмитрий Макеев екі мұнай өңдеу зауытын жекешелендіру жоспарланып отырғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп жазады sputnik.kz.

"Бүгін әлеуметтік желілерде және кейбір БАҚ-та Атырау мұнай өңдеу және Павлодар мұнай-химия зауыттарын жекешелендіру жоспарланып отырғаны туралы ақпарат тарады. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын ресми түрде мәлімдеймін", - деді Дмитрий Макеев.

Оның айтуынша, бұған қатысты келіссөз жүргізілген емес. ҚМГ мұнай өңдеу зауыттарында барлық өндірістік процесс штаттық режимде жүріп жатыр.

Еске салайық, кейбір БАҚ алдағы екі жылда екі мұнай өңдеу зауытын жекешелендіру туралы шешім қазіргі уақытта мемлекеттік органдарда келісу рәсімінен өтіп жатқан "Экономиканы ырықтандыру шаралары туралы" Қазақстан президенті жарлығының жобасында қамтылғанын хабарлаған болатын.